Последнее обновление

(Время обновление 1 час назад)
«Атыраулық хакер» Түркияда қолға түсті

Әлеуметтік желіде «Атыраудың хакері» деген атпен танымал болған азамат Түркия аумағында ұсталды. Бұл туралы ақпараттық агенттіктер хабарлады.

Операция Түркияның Самсун қаласында өтті. Күдіктіні Интерпол қызметкерлері ұстап, Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылуда.

Бұған дейін полиция бұл азаматтың бірнеше алаяқтық әрекетке қатысы бар екенін мәлімдеген. Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы — «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Құрманғазы ауданының тұрғыны өзін әртүрлі қызмет көрсетуші ретінде таныстырып, азаматтарды алдап келген. Инвестиция тарту, IT саласында оқыту, бұғатталған аккаунттарды ашу, ақшалай қаражатты шешу және техника сату секілді уәделермен адамдардың сеніміне кірген. Алдын ала есеп бойынша, келтірілген шығын көлемі 13 миллион теңгеден асқан.

Қаңтар айында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Облыстық прокуратураның мәліметінше, ол халықаралық іздеуге жарияланған болатын.

Ақпан айында Түркияның Самсун қаласында ұсталған күдіктіні экстрадициялау туралы сұрау салуды әзірлеу үшін тиісті өтініш жолданды.

Айта кетейік, бұл азамат бұған дейін Атырау облысындағы бір отбасының жоғалып кетуіне байланысты резонансты оқиғадан кейін әлеуметтік желіде кеңінен танылған. Сол кезде интернетте оның өзін «Атыраудың хакерімін» деп таныстырып, істі өз бетінше зерттеп жүргенін айтқан видеолары тараған.

Новости

Реклама