Украинский институт национальной памяти
- 27 апр. 2026 07:32
- 24
Чернобыль апаты: Кеңес Одағын шайқалтқан 40 жыл бұрынғы оқиға
1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль АЭС-інде болған апат – атом энергетикасы тарихындағы ең ауыр техногендік апаттардың бірі. Бұл оқиға Кеңес Одағының экономикасын әлсіретіп, елдің ыдырауына ықпал еткен факторлардың біріне айналды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Апаттың салдары және оны жоюға жұмсалған ресурстар
Апатты жоюға Кеңес Одағының ерекше күш-жігері мен қаражаты жұмсалды. Бұл оқиға совет жүйесінің ресурстарды жұмылдыру қабілетін көрсеткенімен, экономикаға қосымша салмақ салды. Сол кезде Кеңес Одағы экономикалық қиындықтарға, әскери-өнеркәсіп кешені мен халықаралық міндеттемелердің ауыр жүгіне тап болған еді.
Экономикалық дағдарыстың тереңдеуі
Апатты жоюға қажетті миллиардтаған рубль бюджетке қосымша жүк болды. Бұл ақшаның эмиссиясын (жаңа ақша шығару) арттырып, инфляцияны күшейтті. Алайда, жоспарлы экономика жағдайында бұл инфляция тауарлардың тапшылығы түрінде көрініс тапты. Сонымен қатар, 1986 жылдан кейін мұнай бағасының төмендеуінен экспорттық табыстар азайды. Бұл азық-түлік пен тұтыну тауарларын импорттау мүмкіндігін шектеп, экономиканы одан әрі әлсіретті.
Биліктің имиджіне нұқсан келтіру
Ашықтық саясаты кезінде Чернобыль апаты туралы ақпараттар кеңінен тарады. Советтік бюрократия бұл ақпарат ағымын басқара алмады. Апат аймағында жүздеген мың адамның жұмыс істегені және олардың кейбірінің сәуле ауруынан қайтыс болғаны туралы хабарлар елдегі жағымсыз ақпараттық толқынды күшейтті. Бұл жағдай биліктің беделіне үлкен соққы болды.
Чернобыль – СССР-дің құлауына ықпал еткен фактор
Чернобыль апаты Кеңес Одағының ыдырауына тікелей себеп болмаса да, оны әлсіреткен маңызды факторлардың бірі болды. Советтік экономика 1980-жылдарға қарай қиын жағдайда қалған еді. Ол әлі де көп өнеркәсіп өнімін, соның ішінде әскери техника шығара алғанымен, халықтың сенімін сақтай алмады. Халық тұтынуды шектеуді талап ететін саясатты қабылдамай қойды. Чернобыль апаты осы жүйенің әлсіреуіне және кейіннен оның жойылуына әкелген факторлардың қатарына қосылды.
Технологиялық тәжірибе және адамдардың ерлігі
Апаттың салдарымен күресу барысында советтік инженерлік ойдың жаңа шешімдері пайда болды. Мысалы, қазіргі АЭС-тер апат кезінде жарылысқа төтеп бере алатын және радиоактивті заттардың таралуын болдырмайтын толық жабық бетон қабықпен (контайнмент) салынады. Апатты жоюға қатысқан жүздеген мың адамның ерлігі ерекше бағалауға тұрарлық. Олардың арасында Қазақстаннан барған 30-32 мыңдай мамандар да болды.