Последнее обновление

(Время обновление 2 месяца назад)
Елімізге қолданылған шиналар заңсыз жолмен кіргізілуде — Бас көлік прокуратурасы дабыл қақты

Елімізге қолданылған шиналар заңсыз жолмен кіргізілуде — Бас көлік прокуратурасы дабыл қақты

Қазақстанға қолданылған автокөлік шиналарының заңсыз әкелінуі белең алып тұр. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы ресми түрде мәлімдеді. Биылғы сәуір-маусым айларында бір ғана өңірде 1,5 мың тоннаға жуық пайдаланылған шина заңсыз енгізілгені анықталған. Тексеру барысында 159 заң бұзу дерегі тіркелген. Ал өзге аймақта өткен жылдары 200 тоннадан астам осындай өнім шекарадан рұқсатсыз өткізілген.

Қолданылған шиналар — экология мен адам денсаулығына қауіпті қалдықтар қатарына жатады. Сондықтан Қазақстанның кеден заңнамасында, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы нормативтік талаптарда бұл өнімдерді ел аумағына тек арнайы рұқсат болған жағдайда ғана кіргізуге жол беріледі. Аталған тауарлар ТН СЭҚ коды 4012 бойынша тіркеледі және оларды тасымалдау қатаң бақылауға алынуы тиіс.

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, заңсыз тасымалданған бұл қалдықтардың көпшілігі ішкі нарықта қайта сатылуы немесе қайта өңдеусіз жиналуы мүмкін. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаға және қалалық экологияға кері әсер етеді. Қолданылған шиналар ұзақ уақыт ыдырамайды, құрамындағы улы заттар топырақ пен жер асты суларына әсер етіп, түрлі аурулардың таралуына түрткі болуы мүмкін.

Мамандар бұл мәселеге жай ғана кеден бұзушылығы ретінде емес, экологиялық және қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан қарауға шақырады. Шина қалдықтары бақылаусыз өңделсе немесе дұрыс жойылмаса, өрт шығу қаупі, сондай-ақ ауаны ластау деңгейі күрт артады. Сонымен қатар, бұл салада көлеңкелі бизнестің өршіп отырғанын да көрсетеді.

Қазіргі уақытта Бас көлік прокуратурасы мен экологиялық қадағалаушы органдар экологиялық нормаларды бұзған тұлғалар мен компанияларды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қолданылған шиналарды заңсыз әкеліп, оны заңсыз жолмен өткізгендерге қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Мемлекеттік органдар ел азаматтарын және кәсіпкерлерді бұл мәселе бойынша қырағы болуға шақырып, қолданылған өнімдерді сатып алмас бұрын оның заңдылығына, шығу тегі мен экологиялық қауіпсіздігіне назар аударуға кеңес береді.

You Might Also Like

Новости

Реклама