
Aguagai.kz
- 25 апр. 2025 23:02
- 31
Елімізге танымал блогер Мұрат Әбділда қайта қамалды
Елімізге танымал блогер Мұрат Әбділда қайта қамалды,-деп хабарлайды Infohub.kz.
Түркістан облысында қоғам назарын жиі өзіне аударып жүрген блогер Мұрат Әбділда тағы да қамауға алынды. Бұл жолы оған қатысты Түркістан қалалық ауданаралық соты шартты түрде босатудың күшін жойып, қалған жаза мерзімін нақты өтеу туралы үкім шығарды.
Мұрат Әбділда 2022 жылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабы, 1-бөлігі бойынша (әлеуметтік, ұлттық немесе діни алауыздықты қоздыру) кінәлі деп танылып, сот шешімімен бас бостандығынан айырылған болатын. Уақыт өте келе ол шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Алайда, арада көп өтпей Сауран аудандық полиция бөлімі блогердің шартты жаза талаптарын бұзғанын алға тартып, жазаның қалған бөлігін нақты өтеу туралы ұсыныс енгізді.
Сот полиция ұсынымын қанағаттандырып, Мұрат Әбділданың шартты жазасын жойды. Енді ол қалған 2 жыл 11 күндік мерзімді қамауда өтейтін болады. Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, түрлі пікірлерге себеп болды.
Айта кетейік,Мұрат Әбділда — әлеуметтік желілерде өткір ой айтып, кейбір мемлекеттік мәселелерге қатысты сын-пікір білдіріп жүрген тұлға. Оның әрекеттері мен сөзі бұған дейін де қоғамда қызу талқыға түскен. Бұл жолғы жаза — заң алдындағы жауапкершілік пен шартты түрде босатылғандардың міндеттемелерін сақтау маңыздылығын көрсетіп отыр.