©️ Tengrinews.kz / Игорь Неволин
- 25 февр. 2026 09:01
- 22
Ескі үйді бұзып, жаңасын күткенде қайда және қалай тұруға болады?
Елімізде ескі үйлерді бұзып, оның орнына жаңа тұрғын үй кешендерін салу – реновация бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Бұл жұмыстарды жеделдету және азаматтар мен құрылыс салушылардың тәуекелдерін азайту мақсатында Жаңа құрылыс кодексінде бірыңғай тетікті енгізу жоспарлануда. Алайда, бұл процестер уақытты қажет етеді. Ескі баспанасы үшін ақшалай өтемақы алмаған немесе басқа үйден пәтер сатып алуға келіспеген азаматтарға не беріледі?
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Реновация дегеніміз не?
Реновация – бұл ескі және апатты үйлерді бұзып, оның орнына жаңа тұрғын үйлер салуды көздейтін мемлекеттік бағдарлама. Бұл бағдарлама әкімдіктердің құзыретінде болып, бюджет қаражаты мен жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылады. Жаңа құрылыс кодексінде енгізілген бірыңғай реновация тетігі бойынша, жобалар Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс компаниясынан (ҚТК) бірыңғай кепілдік алады. Бұл инвесторларға меншік иелерімен келіссөз жүргізуге мүмкіндік береді.
Уақытша баспана немесе өтемақы
Егер азаматтар жаңа үйден пәтер алмай, ақшалай өтемақыны таңдамаса, олар болашақ үйдің құрылысы аяқталғанша уақытша баспанамен қамтамасыз етілуі немесе оның аренда ақысы төленуі тиіс. Бұл туралы Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков былай дейді:
«Реновация аясында уәкілетті компания мен меншік иесі арасында уақытша тұрғын үй немесе ақшалай өтемақы беру туралы келісім жасалады. Компания келісім жобасын дайындап, меншік иесіне жібереді. Ол өз ұсыныстарын енгізе алады. Сондай-ақ, көшіру туралы жазбаша хабарлама кемінде 20 күн бұрын жіберіледі», – дейді ол.
Уақытша баспана бұрынғы жағдайдан нашар болмауы және санитарлық талаптарға сай болуы керек. Аренда ақысын есептеу үшін арнайы формула қолданылады. Ол пәтердің ауданы, коммуналдық қызметтер және көшіп-қону шығындарын ескереді. Егер құрылыс мерзімі ұзартылса, компанияның міндеттемелері де ұзартылады.
Бизнес нысандары мен жеке үйлер
Офис, дүкен сияқты коммерциялық нысандар мен жеке үй иелеріне негізінен ақшалай өтемақы беріледі. Бірақ тараптардың келісімі бойынша басқа да нұсқалар қарастырылуы мүмкін.
Реновация жоспарлары
Алматы қаласында 2030 жылға дейін реновация бағдарламасы жұмыс істейді. 2026 жылы 95 үйден 1165 пәтерді көшіру жоспарланған. Көшіру тек 100% тұрғындардың келісімімен ғана жүзеге асады. Қазақстанда 59 мыңнан астам көппәтерлі үй бар, оның 1037-сі апатты, 2663-і ескі деп танылған.