Последнее обновление

(Время обновление 19 часов назад)
Естай Божан «Almaty aqshamy» газетінің бас редакторы болып тағайындалды

Алматының бас газеті саналатын «Almaty aqshamy» басылымында ауқымды кадрлық өзгеріс болды. «Alatau Aqparat» медиа холдингінің шешімімен газет тізгіні жаңа, бірақ ұжымға етене таныс, тәжірибелі мамандарға сеніп тапсырылды. Бұл туралы Infohub.kz ақпараттық порталы хабарлайды.

Холдинг директоры Ержан Қалымбайұлының бұйрығымен басылымның бас редакторы қызметіне белгілі журналист Естай Божан тағайындалды. Медиа салада өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, қаламы жүйрік қаламгер енді мегаполистің тыныс-тіршілігін жазатын тарихи газеттің жұмысын жандандырмақ.

Басшылық құрамдағы өзгеріс тек бірінші тұлғамен шектелген жоқ. Редакция жұмысын жаңа деңгейге көтеру мақсатында бас редактордың орынбасары болып Серік Жұмабаев бекітілсе, басылымның жауапты хатшысы қызметі Құралай Иманбекқызына жүктелді. «Alatau Aqparat» басшылығының пікірінше, бұл тағайындаулар кездейсоқ емес. Жаңа команданың үш мүшесі де «Ақшамның» өз қазанында қайнап, ыстық-суығына төселген кәсіби кадрлар. Олардың біліктілігі басылымның дәстүрлі құндылықтарын сақтай отырып, оны заман талабына сай түлетуге мүмкіндік береді деген сенім зор.

Айта кетейік, «Almaty aqshamy» – қазақ баспасөзіндегі орны ерекше, бірегей мектеп. Кезінде Ерғали Сағат, Қали Сәрсенбай сынды ұлттық журналистиканың марғасқалары басқарған басылымның жауапкершілігі қашанда ауыр болған. Осы уақытқа дейін газетті абыроймен басқарып келген Төрехан Данияров құрметті еңбек демалысына шықты. Әріптестері мен медиа қауымдастық ардагер журналистке газеттің дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін алғыс білдіріп, зейнет жасындағы жаңа кезеңіне сәттілік тіледі.

Новости

Реклама