Последнее обновление

(Время обновление 8 минут назад)
GitHub тек VPN арқылы қолжетімді: Қазақстандықтар танымал сервиспен жұмыс істеуде қиындықтарға тап болды

Қазақстандықтар әлемдегі ең ірі IT-жобаларды хостингілейтін GitHub сервисіне кіруде қиындықтарға кезігуде. Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Соңғы кездері бірқатар қазақстандық пайдаланушылар GitHub платформасына кіре алмай, әлеуметтік желілерде шағымдана бастады. Олардың айтуынша, сервис тек VPN (Virtual Private Network) қосылған жағдайда ғана жұмыс істейді. Бұл жағдай, әсіресе, бағдарламашылар мен IT саласындағы мамандар үшін маңызды, себебі GitHub олардың негізгі жұмыс құралы болып табылады.

Не болды?

Редакцияға хабарласқан оқырмандардың бірі сервиспен жұмыс істей алмайтынын айтып шағымданды. Оның айтуынша, бұл мәселе бірден бірнеше байланыс операторларында байқалады. Ол сервис бағдарламалық жасақтама әзірлеушілері үшін өте маңызды екенін атап өтті.

Әлеуметтік желілерде де GitHub-тың тұрақсыз жұмысы туралы шағымдар көбейген. Мысалы, Reddit желісіндегі қазақстандық пайдаланушылардың бірі бірнеше күн бойы ресурстан деректерді жүктеп алуға тырысқанын, бірақ сәтсіздікке ұшырағанын жазды.

«Үш күн бойы осы сайттан ештеңе жүктей алмай отырмын, VPNсіз мүмкін емес. Бұл құрылғының немесе интернеттің мәселесі емес. Бес түрлі құрылғыны, төрт түрлі Wi-Fi желісін ауыстырып көрдім. Бірақ әр жерде бірдей қателік шығады. Үйдегі DNS-серверді ауыстырып көрдім, тіпті кофейняға барып та тырыстым, бірақ VPNсіз амал таппадым», - деп жазды пайдаланушы.

IT мамандарының алаңдаушылығы

Threads әлеуметтік желісіндегі бағдарламашылар кәсіби қызмет үшін осылайша «темір перде» орнатылуына алаңдаушылық білдіруде.

«GitHub-тан код алуға тырыстым – кіргізбеді. VPN қостым – жұмыс істеді. Енді ойланып отырмын: бұл қашаннан қалыпты жағдайға айналды? Мен бүкіл әлем қолданатын құралға қолжетімділіктің бұғатталуына таң қалмайтын болдым ба?» - деп жазды бір пост авторы.

Пікірталасқа қатысушылардың айтуынша, Қазақстанда GitHub-пен бұрын да проблемалар болған, бірақ қазір олар жүйелі сипат алған.

Редакция да сервис жұмысын тексеріп, GitHub порталының өзі ашылатынын, бірақ файлдарды жүктеп алу кезінде қиындықтар туындайтынын анықтады. Көбінесе (бірақ барлық жағдайда емес) сайт қателік береді, беттер жүктелмейді. Ал VPN қосылғанда файлдар еш қиындықсыз жүктеледі.

Мемлекеттік органдар не дейді?

Редакция тиісті ведомстволардан түсініктеме сұрады. Жауапты «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ (МТҚ) берді:

«Өтініште келтірілген GitHub ресурстарына қолжетімділікке қатысты мүмкін болатын шектеулер туралы ақпаратқа сәйкес, «МТҚ» сервистің жұмысындағы үзілістерге еш қатысы жоқ екенін хабарлайды. Осыған байланысты, бұл өтінішті қарау құзыретті органдар мен (немесе) байланыс операторларына өз құзыреті аясында қарауға жатады», - деп хабарлады техникалық қызмет.

Редакция интернет-ресурстарға қолжетімділікті қадағалайтын басқа да мемлекеттік органдардан түсініктеме алуға тырысуда.

GitHub деген не?

GitHub – IT-жобаларды хостингілеу және бірлесіп дамыту бойынша әлемдегі ең ірі веб-сервис. Бүгінгі таңда бұл миллиондаған бағдарламашылар, инженерлер және деректер ғалымдары үшін негізгі жұмыс құралы болып саналады. Ресурс банк қосымшалары, мемлекеттік қызметтер, жасанды интеллект жүйелері және қарапайым веб-сайттарды құруда қолданылатын миллиондаған ашық кітапханалар мен кодтарды сақтайды.

Новости

Реклама