Anadolu Ajansı
- 21 мар. 2026 10:00
- 29
Иран АҚШ пен Израильга бітімге келуден бас тартты
Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи АҚШ пен Израильмен бітімге келуден бас тартқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Тегеран соғысты тоқтатуды емес, оның толыққанды және тұрақты аяқталуын қалайды.
Бұл туралы министр Жапонияның «Киодо» агенттігіне берген сұхбатында айтты. Аракчидің сөзінше, Иран қақтығысты түбегейлі шешуге ұмтылады.
Сонымен қатар, ол Иранның Жапонияға қатысты кемелерінің Ормуз бұғазынан өтуіне рұқсат беруге дайын екенін жеткізді. Бұл мәселе қазір екі ел арасында талқыланып жатыр. Иранның айтуынша, Жапония импорттайтын шикі мұнайының 90 пайыздан астамы Таяу Шығыстан келеді.
Бұған дейін Аракчи «Al Jazeera» телеарнасына берген сұхбатында Иранның АҚШ пен Израильмен соғыста шегінбейтінін айтқан болатын. Ол Иранның саяси жүйесінің мықты екенін және жоғары лауазымды тұлғалардың жоғалуы елді шайқалтпайтынын атап өтті.
Сыртқы саяси ведомство басшысы Ирандағы институттар тұлғаларға тәуелді емес екенін, тіпті ең жоғары деңгейдегі басшы жоғалған күннің өзінде жүйе жұмысын жалғастыра беретінін баса айтты.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы 28 ақпанда басталды және үшінші аптаға аяқ басты. Осы уақыт бойы тараптар бір-біріне соққы беріп келеді. Тель-Авивтің айтуынша, олардың мақсаты – Иранның ядролық қару алуына жол бермеу. Вашингтон елдің әскери әлеуетін жоюға уәде беріп, азаматтарды режимді құлатуға шақырды. Ал Иран қорғануға дайын екенін және келіссөздерді жаңартудың мәнін көрмейтінін айтты.