tengrinews.kz
- 16 апр. 2026 06:30
- 31
Ирандық супертанкер АҚШ-тың Ормуз бұғазындағы теңіз блокадасын бұзып өтті
Иранның екі миллион баррель мұнай тасымалдай алатын супертанкері АҚШ-тың Ормуз бұғазындағы теңіз блокадасын сәтті еңсерді. Бұл туралы Fars ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Infohub.kz хабарлайды.
Агенттіктің мәліметінше, санкция тізіміндегі танкер ашық теңізбен Ормуз бұғазын кедергісіз, өзінің геолокация жүйесін қосып өткен.
Кейінірек аталған ақпарат құралы портқа бағыт алған азық-түлік тиелген кеме туралы да хабарлады. Бұған дейін Bloomberg агенттігі Қытаймен байланысы бар Rich Starry танкерінің де Ормуз бұғазынан өткенін жазған.
The Wall Street Journal газетінің хабарлауынша, АҚШ әскерилері Ормуз бұғазын блокадаға алған алғашқы тәулікте одан 20-дан астам коммерциялық кеме өткен.
АҚШ Орталық қолбасшылығының басшысы Брэд Купер болса, америкалықтар Иранға баратын және Ираннан шығатын теңіз саудасын толық тоқтатты деп мәлімдеді.
АҚШ Ормуз бұғазына теңіз блокадасын Иранмен өткен аптада өткізілген келіссөздердің бірінші кезеңінен кейін жариялады. Келіссөздер нәтижесінде Тегеран бірнеше маңызды мәселе бойынша келісімге келе алмағанын хабарлады. Вашингтонның айтуынша, бұл мәселелердің қатарында байытылған уран да бар, оны АҚШ Ираннан алып қалуды талап етіп отыр.
Блокада сейсенбі кешкісін күшіне енді. Президент Дональд Трамп американдық әскерилер бұл бағытты пайдалануға тырысқан барлық кемелерді тоқтататынын ескертті. Сондай-ақ, Иранға өту үшін ақы төлеген кемелерді бақылауға және ұстауға тапсырды.