Instagram/@qais_arr
- 13 апр. 2026 20:01
- 24
Ірі блогер Кайсар Камза Интерпол арқылы ұсталды
Қазақстандық танымал блогер Кайсар Камза Вьетнамда ұсталып, халықаралық іздеудегі ісі бойынша тергеуге алынды. Бұл туралы Қазақстан Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Істің мән-жайы
Ведомствоның хабарлауынша, блогерді Интерпол арналары бойынша, қазақстандық және вьетнамдық құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы нәтижесінде Камрань қаласында ұстаған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Камза заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін халықаралық іздеуде болған.
Тергеу нұсқасы бойынша, блогер өзінің әлеуметтік желілерін онлайн-казино жарнамалау үшін жүйелі түрде пайдаланған. ІІМ мәліметінше, бұл тек жарнама орналастырумен шектелмей, аудиторияны құмар ойындарға тартуды да қамтыған.
Министрлік мәліметінше, блогердің заңсыз әрекетінен алған табысы 100 миллион теңгеден асқан. Ақша оның атына тіркелген криптовалюта әмиянына аударылған.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматты елге экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр.
Бұған дейін не болған?
Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айында құқықтық статистика және арнайы есепке алу порталында блогер Кайсар Камзаға қатысты іздеу жарияланған болатын. Іздеуді Қаржылық мониторинг агенттігі бастамашылық еткен. Іздестіру шараларын Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті жүргізген. Ресми ақпаратқа сәйкес, іздеу ісі 2026 жылғы 10 қаңтарда тіркелген.
Кейіннен блогердің заңсыз ойын қызметіне көмектескені үшін күдіктелгені белгілі болды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Кайсар Камза бес жыл бойы Instagram желісінде «qais_arr» есімімен белсенді блогерлік қызмет жүргізіп, оның 2,4 миллионға жуық жазылушысы болған. Сондай-ақ, ол «Қора энтертейнмэнт» атты жабық Telegram арнасын басқарған, оның аудиториясы шамамен 368 мың адамды құраған.
Агенттік мәліметінше, Камза Қ.Б. өзінің әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын пайдаланып, қазақстандықтарға арналған Pinco сайтындағы құмар ойындарға тіркелуге және қатысуға шақыратын жарнамалық бейнематериалдар мен жазбаларды жүйелі түрде орналастырған. Бейнероликтердің астына бонустар беретін жеке промокодын қосқан.
Кайсар Камза кім?
Кайсар Камза – қазақстандық инфлюенсер. Оның Instagram парақшасына шамамен 2,4 миллион адам жазылған. Ол өзінің өмір салтын, шетелде түсірілген бейнероликтерін көрсету арқылы кең танымалдылыққа ие болды.
Бұған дейін блогер мемлекеттік органдардың назарына іліккен. Ол жарнама туралы заңнаманы бұзғаны, соның ішінде заңсыз ұтыс ойындарын өткізіп, онлайн-казиноны насихаттағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бір жағдайда айыппұл 1,17 миллион теңге болды. Соған қарамастан, оның аккаунтының стилі мен мазмұны реттеушілердің бағалауы бойынша айтарлықтай өзгермеген.
Сондай-ақ, Камзаның Үндістанға сапары кезінде түсірген видеосы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кадрларда блогер жергілікті тұрғындарға қатысты дөрекі сөздер қолданып, агрессивті мінез-құлық танытты. Кейіннен Қазақстан Сыртқы істер министрлігі үнді билігінен құқық бұзушылықтар туралы ресми хабарламалар келмегенін хабарлады, бірақ шетелде мұндай мінез-құлық үшін жауапкершілік туралы ескертті.
-
Kazakh millionaire blogger Kaysar Kamza, known for his lavish lifestyle content, has been detained in Vietnam following an international manhunt for alleged illegal gambling operations.