Последнее обновление

(Время обновление 1 час назад)
«Жалақымнан бір жыл бойы 50 мың теңге аудардым»: паракаратэші әділет іздейді

Паракаратэші Жетес Нұрмағанбетов Астана қалалық каратэ федерациясының басшылығы тарапынан қысым көргенін айтып, құзырлы органдардан әділет сұрап отыр. Оның айтуынша, бір жылдан астам уақыт бойы оның жалақысынан ай сайын 50 мың теңгеден аударылып келген.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Спортшының айтқаны

38 жастағы Жетес Нұрмағанбетов – бірінші топтағы мүгедек. Церебралды сал ауруына шалдыққан спортшы 2021 жылдан бері паракаратэмен айналысып келеді. Ол 2022 жылы жұмысқа орналасқанда, жалақысы 102 мыңнан 120 мың теңгеге дейін өскенін айтады. Алайда, сол кезден бастап ай сайын 50 мың теңгені белгілі бір адамдардың Kaspi Gold нөмірлеріне аударып отырған.

Бастапқыда бұл қаражат мұқтаж жандарға, атап айтқанда, жалғызбасты аналар мен көпбалалы отбасыларға көмек ретінде беріледі деген түсінік болған. Алайда, спортшы ипотека алғаннан кейін бұл талаптың заңдылығына күмәнданып, аударымды тоқтатқысы келгенде, оған қысым көрсетілгенін жеткізді.

«Ипотека төлеп отырған адамға бұл оңай емес. Ақша аударуды тоқтататынымды айтқанда, “жұмыстан шық” деді», – дейді Нұрмағанбетов.

Ресми арыз және жауап

2026 жылдың қаңтарында Жетес Нұрмағанбетов e-Өтініш арқылы ресми арыз жазған. Оның айтуынша, он күн өткен соң федерация өкілі үйіне келіп, кешірім сұрап, 1 млн 150 мың теңгені қолма-қол қайтармақ болған. Алайда, спортшы бұл ақшаны алмағанын айтады.

Нұрмағанбетовтің сөзінше, өзі сияқты тағы шамамен 10 адам осындай жағдайға тап болған. Спортшы бұл мәселе бойынша прокуратураға, полицияға және ҰҚК департаментіне шағымданған. Алайда, оның адвокаты Дастан Игубаевтың айтуынша, іс әлі күнге дейін толыққанды қаралмай, «қылмыстық құрам жоқ» деген сылтаумен қайта-қайта тоқтатылып жатыр.

Федерация өкілінің жауабы

Аталған айыптауларға қатысты WKF каратэден Астана қалалық федерациясының вице-президенті Мейрамгүл Дукуева барлық мәлімдемелерді жоққа шығарды. Ол мұны жала жабу деп атап, бұған дейін де мұндай арыздар болғанын, бірақ ешқайсысы дәлелденбегенін айтты. «Қаласа, тағы да сотқа жүгінсін», – деді Дукуева.

Бұл мәселеге байланысты ҚР Туризм және спорт министрлігіне ресми сауал жолданды.

Новости

Реклама