Photo: Juan Pablo Serrano (https://www.pexels.com/@juanpphotoandvideo) / Pexels
- 13 мар. 2026 00:30
- 32
Жамбыл облысында жерлеп тастаған әйел бір айдан соң тірі оралды
Жамбыл облысында жұртшылықты таң-тамаша қалдырған оқиға болды. Туыстары қайтыс болды деп ойлап, жерлеп тастаған әйел бір айдан кейін тірі күйінде үйіне оралды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиғаның басталуы
1953 жылы туған әйел 2024 жылдың тамыз айында Тараз қаласына көшіп келіп, әпкесінің үйінде тұра бастаған. Алайда, 2025 жылғы Құрбан айт мерекесінен кейін ол кенеттен хабарсыз кеткен. Біраз уақыт бойы ешқандай хабар болмаған соң, туыстары полицияға арызданған.
Кейін 2025 жылдың тамыз айында ауыл маңындағы даладан белгісіз әйелдің мәйіті табылады. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Туыстары мәйітті жоғалған аналары деп танып, ресми түрде өлім туралы акт рәсімделіп, тиісті куәлік те берілген.
Күтпеген жағдай
Алайда, бір айдан кейін, яғни 2025 жылдың қыркүйек айында әйел Жамбыл ауданына қарасты Қостөбе ауылындағы ағасының үйіне тірі күйінде келіп, барлығын таңғалдырған. Бұдан кейін оның қызы анасының құқықтық мәртебесін қалпына келтіру үшін сотқа жүгінген.
Әйелдің айтуынша, Құрбан айттан кейін ол Айша бибі ауылына барып, пияз жинау жұмысына кіріскен. Сол жерде уақытша тұрып, жұмыс істеген. Кейін зейнетақысы тоқтағанын байқап, Таразға барғанда өзінің "қайтыс болды" деп тіркелгенін білген. Туыстарының айтуынша, оның кейде ұзақ уақытқа ескертусіз кетіп қалатын әдеті болған екен.
Сот шешімі
Жамбыл аудандық соты жүргізген тексерулер нәтижесінде табылған мәйіттің басқа адамға тиесілі екені анықталды. Полиция эксгумация жасап, қосымша сот-медициналық және генетикалық сараптамалар жүргізген.
Нәтижесінде марқұмның кім екені нақты анықталып, қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Сот әйелдің "қайтыс болды" деген құжаттарын жарамсыз деп танып, өлім туралы актінің күшін жойды. Сот шешімі заңды күшіне енді.