Последнее обновление

(Время обновление 1 месяц назад)
Жастарға
Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
Бір білімді данышпан жан табалық.

Ал, енді, олай болса, кімді алалық?
Қазақта қай жақсы бар көз саларлық?
Шын іздесек, табармыз шыны ғалым,
Күнде күйлей бермелік бозбалалық.

Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық!
Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық!
Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,
Жалыналық Абайға, жүр, баралық!

Білімді сол кісіден ізденелік!
«Әдейі іздеп біз келдік сізге» делік.
«Өмір зая болмастық өнер үйрет,
Ақылыңды аяма бізге» делік.

«Көп қуға көзіңізді сүзбе» делік!
«Ұқпас деп бізден үміт үзбе» делік!
«Залымдар заң үйретіп адастырды,
Бізді сал жөнделерлік ізге» делік!

Тапқан іске таласпай, шын көнелік!
Жұртқа күлкі болмалық, жөнделелік!
Арамдықпен, алдаумен күн өткізбей,
Өтірікке өлгенше, шынға өлелік!

Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан,
Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан.
Тегін білсең –аласың, бос береді,
Тұстасынан ешкім жоқ мұны тапқан.

Құрбыласы қулық пен айла баққан,
Олардан алдамшы деп көңлі қайтқан.
Енді бізге ақылын көрсетіп тұр,
Алушы жоқ па екен деп жастар жақтан.

Алмасақ үміт үзер тағы жастан,
Өлсек те, ұмтылалық осы бастан.
Өткізе алмай, еліне қайтса көшіп,
Қаламыз асыл түгіл ине алмастан.

Қой, ойлалық шатылып, шатаспастан,
Оңамыз ба Абайдан бата алмастан?
Асыл алсақ, асылын аямайды,
Келді ғой өз еліне сата алмастан.

Пұлы өтсе, үміті бар қуанбақтан,
Еңбегім жанды ғой деп жұбанбақтан.
Абай кетсе, осы елде кім қалады,
Не табамыз наданнан сұранбақтан?

Қой, жігіттер, күн болды ойланарлық,
Білім, әдет, ақылды ойға аларлық.
Надандықтан еліріп босқа жүрсек,
Мына заман көрсетер бізге тарлық!

Өзің біліп біреуге қылсаң жарлық,
Асыл сол –ақыл, білім бойда барлық.
Айла, өтірік, арсыздық өнер емес,
Мен де анаудай болсам деп таласарлық.

Үлкендерде мінез жоқ танданарлық,
Олардың қылған ісі – ұрлық-қарлық.
Арам ойды ақыл деп ардан күсіп,
Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?

Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық
Замандасы болмады сөзді ұғарлық.
Амалы жоқ, айналды енді бізге,
Күн туды етегіне жабысарлық.

Пұл асылы табылса, қолға алалық,
Кісі емес ескерусіз бос қаларлық.
Күнде осындай табылмас бізге басшы,
Күн болса кейінгіде қозғаларлық.

Ақыл, білім осындай ар жақтарлық,
Айласыз, өтіріксіз жан сақтарлық!
Үзіп-жұлып ұятсыз атанбай-ақ,
Ақылмен жол табалық ел бастарлық!

Осыған қазақ бар ма жанасарлық,
Ғылым, өнер, ақылмен санасарлық?
Жұрт алмаса, ақылын біз алалық,
Өзгедей надан емес адасарлық.

Бұл елде түк ақыл жоқ жарасарлық,
Рахым ғып бір-біріне қарасарлық.
Өз Абайын өздері ұнатпайды,
Шын надан осылар ғой біз қашарлық.

Мына жұртта мінез жоқ ойланарлық,
Бізге де заман келер сайланарлық.
Елге еріп есер, бәңгі атанғанша,
Ой табалық жақсы атақ байланарлық!

Ақыл жоқ бұл қазақта ойға ұнарлық,
Өзін-өзі тексеріп, бой сынарлық.
Білім іздеп білуге кесел болар,
Көрсеқызар, к...і ашық бос құмарлық.

Ойланар уақыт болды бас қосарлық,
Дұспан көп енді бізге жол тосарлық.
Арамдықтан көңілді арылталық,
Ақыл ойлап, алалға қол босарлық.

Мидағы ой-тамырға жол салалық,
Жүрекке оймен сынап апаралық!
Ақ жүректің ғадалат қылған ісін,
Қабылдауға қызығып қозғалалық!

Жарасымды мінезді жатқа алалық,
Жанға қас жамандықтан сақтаналық!
Арсыз, ғайбат, өтірік, ынсапсыздық –
Бұлардан бой тасалап ақталалық!

Аспандап аса бермей шақталалық,
Аласыздық, адалдық жақты алалық!
Өтіріктен жалығып, өнер тапсақ,
Біз сонда жетілдік деп мақтаналық!

Хош, енді көп наданның тілін алдық,
Бірімізге біріміз пәле салдық.
Ой да жоқ, ұят та жоқ, күнде аңдысып,
Жүргенмен жағаласып не таба алдық?

Арам ақыл үйрендік айла, амалдық,
Қулық пен өтірікті сайлап алдық.
Ынсап, рахым, ұяттан жүген ұстап,
Өзіміз ең түбінде қайда бардық?

Елірдік, ерегістік, елді жардық,
Байлаусыз пайдасы жоқ іс шығардық.
Бүгін дос, таң атса қас бола қалып,
Бұлт еттік, мен болдым деп ат аларлық.

Тыным жоқ, тыныш жүріп мал бағарлық,
Арыз бердік бас кетіп, айдаларлық.
«Енді бізге ғадалат айта көр» – деп,
Өзіміз ақырында қайда бардық?

Бұл іспен бойға мақтан кірді, паңдық,
Әркімнің әлі бар деп алар аңдық.
Жеңгеніміз желіктік желпең қағып,
Жеңілгенді жер болған атқа таңдық.
Ортамыздан от жағып, өрт шығардық,
Көре тұра құтырып, күйіп-жандық.

Қой, үйтпелік, өзіміз жарасалық!
Наданмен неге бірге адасалық?!
Жаман айла, жат мінез пайда бермес,
Бойдағы мінімізге қарасалық!

Жаман әдет тастауға ұнасалық!
Мына мінез қалай деп сынасалық!
Тұп-тура бетімізге айтысалық,
Ашуланбай, ақылмен шыдасалық!

Арсыз, арам айланы тастасалық!
Адал іске талаппен бастасалық!
Неде болса білімді ізденелік!
Надандықпен біржола қастасалық.

Жалған айтып, біреуге жалынбалық!
Біз, сірә, үлкендердей қағынбалық!
Наданға өлсек-тағы бағынбалық!
Өтірік, өсекке еріп сабылмалық!

Рахым жоқ, қанағат жоқ, арсыз болып,
Жас бойға жаман атақ тағынбалық!
Таза ойлап, татулық іс табалық!
Жау жоқта, тіпті жауды сағынбалық!

Адалға әлімізше аяңдалық!
Арамға аяқ баспай шабандалық!
Елемесең, есіңе енбейді ақыл,
Ескерсең, осы сөзім сендерге анық.

Болмас іске бұртаңдап тырыспалық!
Бетке айтқанның зәрі жоқ, ұрыспалық!
Көзге жылпың қөрініп, сыртқа қылпың,
Артымыздан құр өсек қылыспалық!

Сөз байласақ, уағдада тұрысалық,
Сыртымыздан жақсылық қылысалық!
«Қашқан –жаудан құтылар» деген қане,
Надандықтан жиреніп, жылысалық.

Білмегенді білуге тырысалық!
Жалқаулықты қөңілден сырысалық!
Босқа күлген күлкіні күйлемелік!
Шын ақылға мойынды бұрысалық!

Жақсы білім іздеуге жалықпалық!
Табылмаса, тарығып, талықпалық!
Салақтықты қоялық, сақ болалық!
Білгенді, білмегенді анықталық!

Ғалым көрсек –әр істі сұрасалық!
Ондайға басымызды құрасалық!
Өстіп істеп өзіміз қамданбасақ,
Бізге ақыл үйрете алмас мына халық.

Кейде бірге жүрелік, кейде ойналық!
Ойнап, күліп, кешікпей ой ойлалық!
Ойынымыз аз болсын, ойымыз көп,
Оймен талап етпеген іс қоймалық!

Күнде көздеп, мінезді тексерелік!
Айланы ақыл демей, сескенелік!
Адалдың жолында өлсек, арман бар ма?
Ақты аныққа шығарам деп көрелік!
Кісіге оны бұрған өкпелелік!
Тіл алса, «мұны қой» деп ақыл айтып,
Тыңдамаса, жау көріп кектенелік!

Білімді неге бойға көп көрелік?!
Ақтан тауып несіпті жеп көрелік!
Артық ақыл ойланып таба қалсақ,
Біз-дағы алушыға тек берелік!

Надандықпен қарнымыз тоқ демелік!
Біз білмеген еш ақыл жоқ демелік!
«Айланы ақыл, арсыздық әдеп қой» деп,
Арамды алал, асылды боқ демелік!

Ақылды сол – ынсап пен ар сақтайды,
Арсыз сол –арамдықпен жан сақтайды.
Адал сол –таза еңбекпен күнін көріп,
Жаны үшін адамшылық ар сатпайды.

Жалғаншылар сөз айтса, «сырым» дейді,
Біліп қойсаң, «бұ да бір қырым» дейді.
«Әншейін байқайын деп айтып едім,
Өтірігімді ұстап па ең бұрын?» дейді.

Надандар төрт аяқты малға ұқсайды,
Қаңғырған тамақ іздеп аңға ұқсайды,
Өз бетімен табатын өнері жоқ,
Талапсыз, өлі сүйек жанға ұқсайды.

Бұлар –мәлім, сатып жүр, көрдің мұны,
Болмайды кімге залал мұның түбі?
Өздері біреуіне бірі сатсын,
Алмалық біз қызығып енді осыны!

Сатады өтірігін шынға жастап,
Жүрміз деп жарасымды өнер бастап.
Айналасы белгілі аз ақша ғой,
Пәлшесін тауысайық жыртып тастап!

Осы жұрт өтірікпен жүр ту ұстап,
Айланы не қыламыз берсе уыстап?
Күні бұрын ондайға жуымалық!
Орын алып, кетпесін бой қуыстап.

Айла орнына ақылды жұмысталық!
Өтіріктің орнына шын ұсталық!
Жалған айтып, жан сатып, жалынбай-ақ,
Тура жолда тұрып-ақ тынысталық!

Өз әкеміз айтса да ұнамалық,
Ағамыздың сөзі деп тыңдамалық:
Үйреткені өнер ме, әрекет пе,–
Өзіміз ортамызда сынға алалық!

Олар бізге оқы дер қу болмақты,
Уағдасыз, жалғаншы су болмақты.
Сыяз сайын әркіммен арпалысып,
Күнде дау, күнде жанжал, шу болмақты.

Өнер қылма ар сатып, жалданбақты!
Ұлық болып, елді жеп малданбақты!
Біреуді жеп, біреуді табамыз ба,
Қашан жақсы көруші ек алданбақты?

Өлсең де ондай сөзге құлақ салма!
Ардан күсіп, ақылдан құры қалма!
Әкең түгіл, арғы атаң айтса-дағы,
Білімі жоқ наданның тілін алма!

Қулықты біз қылғанмен, ол қылмай ма?
Бізге де өңкей надан жабылмай ма?
Айла, арамдық, арсыздық, ынсапсыздық
Бізге бар да, өзгеге табылмай ма?

Жамандық күнә болып жазылмай ма?
Адалдықпен жиған мал бағылмай ма?
Уағдашыл болған жан өле қалып,
Өтірікші құдайға шағылмай ма?

Өмір өнбес бір күнгі қылған жалға,
Көз тоймас үзіп-жұлып алған малға,
Жұрттың ісі неге жөн болмасын деп,
Ой ұнамай, ондайға өлсең нанба!

Мақтанбалық айламен алдағанға!
Надан боп, ұқсамалық айуан малға!
Жан біткеннің бәріне жара салып,
Жан сақтаған не болар жалғыз таңға?

Залалы тие берсе мұқым жанға,
Рахымсыз, қайырымсыз боп қысылғанға,
Не дүние, не болмаса ақиретте
Болар-ақ бір қиындық шыбын жанға!

Залым кісі кірмейді тіпті санға,
Сынайтұғын бір сыншы табылғанда.
Білімдігің бит шаққан құрлы болмас,
Тамам күнәң жиылып жабылғанда.

Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда?
Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?
Көз жұмып, «Көппен көрген ұлы той» деп,–
Береді бұл надандық кімге пайда?

Білімдіге білімсіз бағынбай ма?
Іздесе, пендеге жол табылмай ма?
Ақты қойып, арамды әдет етсек,
Денеміз дозаққа өзі жағылмай ма?

Ажал оғы бір күні атылмай ма?
Тура келсе, тіл тартпай қатырмай ма?
«Әлхилла ассалата жаназа» деп,
Ақ кебінге оралып жатылмай ма?

Қай пенде жолықпайды осындайға,
Соны ойлап жүрегіміз шошынбай ма?
«Дүниеде не қылдың, не қойдың?» деп,–
Алдыңда неше жерде тосылмай ма?

Жатпалық жалқауланып тіпті жайға,
Жайлы ақыл ойланалық жанға пайда.
Кейінгінің қалмалық обалына,
Сонда мақұл боламыз бір құдайға.

Осы ел жүр өтірікті үнем қылып,
Ақты қойып, арамға көңіл бұрып.
Қудыраңдап, қу, білгіш атанам деп,
Шығарады бір пәле қарап тұрып.

Біреуіне біреуі қақпан құрып,
Аңдаусызда кетем дер бір түсіріп.
Біле сала қылады о да қулық,
Аяғы сау жан қалмас сүйтіп жүріп.

Мақтанады жетілген кісімсініп,
«Қулыққа қалыппын,– деп,– қатты ысылып».
«Ел мінезі қолымда санаулы»,– деп,
Жан біткеннің айласын өзі біліп.

Айтқанда өтірікті судай қылып,
Шынды ескерген адам жоқ көзіне іліп.
«Қу» десең, құлағына бір кірмейді,
Езуін тастар ма еді, сірә, тіліп!

Тоқталған бір пенде жоқ қыры сынып,
Мойнына әбден алған сайтан мініп.
Айтсаң-ақ, «анау қу» деп жымыңдайды,
Соған ыза боласың іштен тынып.

Арамдыққа осы жұрт жүр ұмсынып,
Аздан бері тым кетті құдай ұрып.
Білмегені білгеннің тілін алмай,
Бәрі бірдей шулайды иттей үріп.

Бір күн біреу жалғанмен жүр құтылып,
Біреу жүр айламенен үзіп-жұлып,
Ертең көрсең, екеуі қолға түсіп,
Кескектеген түлкідей тұр тұтылып.

Арамдықтан шығады кім сытылып?
Бір желіксе, кетеді тым құтырып,
«Жығылған жан күреске тоймас» деген,
Қарта ойнаған кісідей күнде ұтылып.

Абай жүр соны мазақ өлең қылып,
Біреуі ұғар ма деп көзі ашылып,
Бізге де біразырақ айтқаны бар,
«Құр қылжақтай берме,– деп,– босқа күліп».

Ұқсатып, ұнасымды сыйыстырып,
Жасты да жамандапты қиыстырып.
Ойын-күлкі – бар қылған мінезіміз,
Біреуін де қалдырмай жиыстырып.

Тым туралап айтыпты сұғындырып,
Білгенге үйретіпті ұғындырып.
Көріп тұрған мінезді жасырсын ба?
Әркімге-ақ кеткен екен жұғындырып.

Сөзбен де, өлеңмен де сабақ беріп,
Алсын деп керектісін өзі теріп.
Шиқанымды езгендей шықты жаным,
Айтқанда естігендер ұғып келіп.

Шүу дегенде бұл сөзі жанға батты,
Бұрын ондай көргем жоқ жаманатты.
Қайырусыз, қағусыз өскен басым,
Бұлқындым шу асаудай мойны қатты.

Естіген соң, жүректе түйін жатты,
Сол түйін тыныштатпай көп ойлатты.
«Неге мұндай қатты айтты?» – деп ойласам,
Өлеңінің сырты ащы, іші тәтті!

Жаны ашып, жақсы соқпақ тазалапты,
«Жігерленсін, білсін» деп табалапты.
«Жоба көрмей, жүгенсіз кетпесін» деп,–
Қатты сөзбен қайырып қамалапты.

Енді ойладым «қайратқа мінейін» деп,
«Білімдінің қадырын білейін» деп.
«Ақыл сөзбен арқама күнде ұрғызып,
Талаппен түзу жолға кірейін» деп.

«Мен неге күлкі болып жүрейін» деп,
«Өзім біліп, біреуге күлейін» деп.
«Шын наданға атар таң болмайды екен,
Білім іздеп, құдайдан тілейін» деп.

«Білмекке талап етіп көрейін» деп,
«Шын сөзге көңілімді бөлейін» деп,
«Надан болып қорлықты көргенімше,
Естінің айтқанымен өлейін» деп.

Үлкендер ұмтылмайды «ұғайын» деп,
«Мен-дағы бұл қылықтан шығайын» деп.
Айтқан сайын аяғын кер басады,
Құлағына мақтаны тығайын деп.

Құмары – қулықпенен жығайын деп,
Айламен аяғыма бұғайын деп,
Бәрі ішінен қанжарын байланып жүр,
Көрінгеннің көзіне сұғайын деп.

Халалға ойламайды шыдайын деп,
Арамның түбі болар уайым деп.
Күнде жау боп, күрілдеп, жұлысады,
Тек отырған бір жан жоқ «Құдайым» деп.

Байладым белді бекем буайын деп,
Жүректі адалдықпен жуайын деп.
Талпынған мақсат іздеп мақрұм қалмас,
Адамдық ғылым жолын қуайын деп.


You Might Also Like

Новости

Реклама