depositphotos.com
- 18 мар. 2026 09:31
- 30
Жұмысқа орналастыру сылтауымен қыз зорланды: Шымкенттегі жантүршігерлік оқиға
Шымкентте жарнама арқылы жұмыс іздеген 18 жастағы студент қыз зорлықтың құрбаны болды. Әлеуметтік желідегі «жақсы жұмыс» туралы хабарландыру оны қорқынышты жағдайға душар етті.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қыздарды алдап әкететін «массаж салоны»
Зардап шеккен қыздың айтуынша, қала тұрғыны оған зорлық көрсеткен. Алайда, қыздың туыстарының айтуынша, күдікті де, оны ұйымдастырғандар да әлі күнге дейін жауапқа тартылмаған.
Жас қыз анонимді түрде өткен жазда болған оқиғаны баяндап берді. Ол әлеуметтік желідегі жұмыс туралы хабарландыруға жауап беріп, кейіннен «боди-массаж» қызметтерін көрсететін мекемеге келген. Алайда, ол жерден шыға алмай қалған, оны күшпен ұстап отырған.
«Мені күшпен ішке кіргізді. Шықпақ болғанымда, есік алдында күзетшілер тұрды. Бір жігіт мені ұстап тұрды, мен жылап, айқайласам да босатар емес. Кейін маған ешкім тиіспейтінін, тек массаж жасауым керектігін айтты, сонда келістім. Басында-ақ бас тартуым керек еді», - деді зардап шеккен қыз.
Ата-ананың шағымы
Қыздың шағымдарына қарамастан, мекеме әлі күнге дейін «монша» деген желеумен жұмыс істеп тұр. Қыздың ата-анасы құзырлы органдардың әлі күнге дейін ешқандай шара қолданбағанына қатты ашулы. Қала тұрғындары өздерінің өміріне қауіп төніп тұрғанына байланысты журналистермен кездесуге мәжбүр болған.
«Бұл қашан аяқталады? Егер ертең менің қызымды күштеп шетелге алып кетсе немесе өлтіріп кетсе, мен не істеймін? Бізге бірнеше рет қорқытып хабарласқан, егер істі тоқтатпасақ, өлтіреміз деп», - деді жәбірленушінің анасы.
Зардап шеккен қыздың отбасы зорлық көрсеткен ер адамды ғана емес, қызды алдап әкелген ұйымдастырушыларды да жауапқа тартуды талап етеді. Туыстары істі сотқа беруді тездетуді де сұрауда.
Полицияның жауабы
Ал Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, зорлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Күдікті тұлға ұсталып, полицияға жеткізілді», - деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.