Photo: Phils Wei (https://www.pexels.com/@phils) / Pexels
- 16 февр. 2026 21:00
- 21
"Жұртты менсінбеді, маған ұнамайтын": Алтынбек Сәрсенбайұлын премьер орынбасары болуға қарсы болған депутат кім?
1994 жылы қазан айында ел тарихында елеулі оқиға болды. Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Әкежан Қажыгелдинді премьер-министрлікке бекіткенімен, оның орынбасары болуға ұсынылған Алтынбек Сәрсенбайұлына қарсылық шықты. Бұл жағдай тіпті Назарбаевтың өзіне де ұнамай қалды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың наразылығы
Жоғары Кеңес отырысында Алтынбек Сәрсенбайұлының кандидатурасы талқыланғанда, депутат Алтыншаш Жағанованың сөзі жұртты таң қалдырды. Ол тікелей президенттің шешімін сынап, «Бұл жолы ол қателесті» деп мәлімдеді.
«Мен тек бір нәрсені айтқым келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы сіздің кандидатураңызды қолдады және әлі де қолдап келеді. Бұл жолы ол қателесті», – деді Жағанова.
Сәрсенбайұлының жауабы
Алтынбек Сәрсенбайұлы бұл сынға: «Болашақта баспасөз туралы заң керек болмауы да мүмкін, сөз бостандығына кепіл болатын Конституцияның өзі де жеткілікті болады», – деп жауап берген еді. Бұл сөздер сол кездегі қоғамдағы сөз еркіндігі туралы пікірлерді айқын көрсетті.
Оқиғаның себебі
Кейіннен, Әбіш Кекілбаевтың дауысқа салуымен 58 депутат қолдап, 61 депутат қарсы дауыс беріп, Сәрсенбайұлының кандидатурасы бекітілмеді. Алтыншаш Жағанова бұл жайтқа қатысты былай деп түсіндірді:
«Президент қатты ренжіді. «Алтеке, мұныңыз не, ол жақсы жігіт» деді. «Жақсы емес, Нұреке! Көресіз әлі» дедім. Міне, айтқаным келді. Өйткені біз депутат болардың алдында мен бір жыл Алматы қалалық кеңестің депутаты болдым. Сосын бір жылдан Жоғары Кеңестің депутаты болғасын, мен ол жақтағы жұмысымнан бас тарттым. Сол уақытта қалада бұл да (Алтынбек Сәрсенбайұлы – ред.) депутат болды. Жұртты менсінбей, айтқан адамдарды қатты тойтарып отырды. Тәртібі сондай болды. Принциптері басқаша болатын. Маған ұнамайтын әйтеуір», – деді Алтыншаш Жағанова.
Сәрсенбайұлының өкініші
Өз кезегінде Алтынбек Сәрсенбайұлы бұл жайтқа қатысты кейінгі кезде былай деп пікір білдірген:
«Мені бекітпегеніне әлі күнге ризамын, рақмет! Менің орныма болған вице-премьердің кезінде бүкіл әлеуметтік саланың тас-талқаны шықты. Мектептер қысқарды, ауруханалар жабылды, кітапханалар ғайып болды. Ол кезде мен жастау едім. Солақай шешімдердің бәріне табандап қарсы тұрар едім деп айта алмаймын. Егер сол кезде вице-премьер болсам, тас-талқан болған дүниенің обалы әлі күнге дейін мойнымда тұрар еді. Мені сол жолы Құдай қақты. Әлі күнге сол апайымызды көрсем, рақмет айтқым кеп тұрады».
Бұл оқиға Асылхан Мамашұлының «Қилы кезең» деректі фильмінің 12-бөлімінен алынды.