Photo: Juan Pablo Serrano (https://www.pexels.com/@juanpphotoandvideo) / Pexels
- 16 февр. 2026 22:00
- 27
Павлодарда екі бірдей адамның өлімі жантүршігерлік жағдайда анықталды
Павлодар облысына қарасты Майқайың кентіндегі жеке тұрғын үйден екі адамның шіріген мәйіті табылып, жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алдын ала деректерге сүйенсек, үй ішіндегі бір мүрдеге екі жылдан астам уақыт болса, екіншісі шамамен бес-алты ай бұрын көз жұмған.
Трагедияның себебі неде?
Оқиға орнынан алынған ақпараттарға қарағанда, 36 жастағы әйел қатерлі ісіктен қайтыс болған. Алайда, марқұмның анасы бұл жайтты тиісті органдарға хабарламай, қызының мәйітін үйде сақтап отырған. Кейіннен әйелдің күйеуі де қайтыс болып, оның денесі де сол үйде қалып қойған.
«Қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын объективті түрде анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанна Біләлова.
Бала мен әже бірге тұрған
Мәйіттер жатқан үйде әжесі мен 6 жасар немересі бірге тұрған болып шықты. Үй иесі ешкімді үйге кіргізбей, тіпті баланы балабақшаға да, мектепке де жібермеген.
«Қазіргі уақытта бала Майқайыңдағы ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер қыз баланың денсаулығының жақсы екенін айтады. Дамуында ешқандай ауытқушылық жоқ. Әзірше 3 күн осы ауруханада болады. Кейін баланы орналастыру бойынша шешім қабылданады», – деді балалар құқығын қорғау жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенова.
Баланың заңды өкілдері анықталмағандықтан, оны Екібастұздағы «Үміт» орталығына жіберу мәселесі қарастырылуда. Ал мәйіттерді үйде сақтаған егде жастағы әйел тергеу амалдарынан кейін үйіне жіберілді. Қазір оның әрекетіне құқықтық баға беріліп, қылмыс құрамының бар-жоғы анықталуда.