
- 15 мар. 2025 20:42
- 15
Бердалы Ораз Ғабитұлы
Келгенінен кеткені тез болды: Ақтау әкімінің орынбасары болып тағайындалған Әсет Шопанов,ертеңіне орнын босатты
Елімізде шенеуніктердің қызметке келіп-кетуі үйреншікті жағдайға айналғанымен, мұндай жылдамдық сирек кездеседі. Ақтау әкімінің орынбасары болып тағайындалған Әсет Шопанов небәрі бір күннен кейін қызметінен босатылды. Бұл оқиға қоғамда қызу пікірталас тудырды,-деп хабарлайды Infohub.kz тілшісі.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Әсет Шопанов 2025 жылғы 3 наурызда Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Алайда 4 наурызда оның қызметтен кеткені белгілі болды. Бұған не себеп болғаны туралы ресми түсініктеме әзірге жоқ.
Деректерге сүйенсек, бұған дейін, 2024 жылдың мамыр айында, Шопановқа қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылған екен. Бұл оның мемлекеттік қызметте белгілі бір мәселелерге тап болғанын көрсетеді. Бірақ ең қызығы – мұндай жағдай бола тұра, оның жоғары лауазымға тағайындалуы.
Бұл жағдай бірнеше маңызды сұрақ туындатады. Біріншіден, неге тағайындау алдында шенеуніктің бұрынғы тәртіптік мәселелері ескерілмеген? Егер ол қызметке лайықсыз болса, неге тағайындалды? Ал егер лайықты болса, неге бір күннен кейін жұмыстан кетті?
Мұндай кадрлық өзгерістер еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесіндегі тұрақсыздықтың көрінісі іспетті. Соңғы жылдары мемлекеттік қызметкерлердің жиі ауысуы, кадрлық саясаттың ретсіздігі және қабылданған шешімдердің жылдам қайта қаралуы жиі байқалуда. Бұл мемлекеттік басқарудың сапасына да, халықтың билікке деген сеніміне де кері әсер ететіні сөзсіз.
Елімізде шенеуніктердің тағайындалуы көбіне ашықтық пен кәсібилік қағидаларына емес, белгісіз механизмдерге сүйенетіндей әсер қалдырады. Көп жағдайда кадрлық шешімдер қоғамға түсіндірілмейді, ал кейбір жағдайларда олар қисынға келмейтіндей көрінеді.
Әсет Шопановтың кешегі оқиғасы – мұндай қайшылықтардың кезекті мысалы ғана. Бірақ негізгі мәселе өзгеріссіз қалып отыр. Ол мемлекеттік қызметтегі тұрақтылық пен кәсібилік қашан басты орынға шығады? Егер кадрлық саясаттағы мұндай бейберекеттік жалғаса берсе, келешекте «бір күндік әкім орынбасарлары» көптеп пайда болмасына кім кепіл?