
- 18 июн. 2025 22:30
- 23
Бердалы Ораз Ғабитұлы
Кезінде мұғалімнен оқушы қорқатын, қазір мұғалім оқушыдан қорқады
Бүгінгі білім беру жүйесінде жиі айтылатын ащы шындық – «Кезінде мұғалімнен оқушы қорқатын, қазір мұғалім оқушыдан қорқады» деген тіркес. Бұл – жай ғана сөз емес, қоғамдағы тәрбие мен тәртіптің, білім мен беделдің ара салмағының өзгеруін көрсететін маңызды сигнал.
Бұрын мұғалім – білім мен тәртіптің иесі, оқушы үшін үлгі болатын тұлға еді. Сыныпқа мұғалім кіргенде тыныштық орнайтын, айтқан сөзі заңмен тең саналатын. Оқушы ұстазын сыйлап, айтқанын бұлжытпай орындауға тырысатын. Ал ата-ана мектеппен тығыз байланыста болып, баласының тәртібі үшін ұстаздың сөзіне құлақ асатын.
Бүгінде бұл жағдай өзгерді. Қазір мұғалім кейде оқушының көңіліне қарауға, артық сөйлеп қоймас үшін сөзін сүзгіден өткізуге мәжбүр. Себебі бір ауыз ескерту үшін ата-анадан, тіпті құзырлы органдардан шағым түсіп кетуі әбден мүмкін. Бұл – мұғалім беделінің әлсіреуіне әкелген.
Оқушының құқықтары туралы жиі айтылып, міндеттері назардан тыс қалып жатыр. Бұл біржақты көзқарас бала бойындағы тәртіпсіздік пен жауапкершіліктің төмендеуіне себеп болды. Ал мұғалім өзін қорғауға дәрменсіз күйде.
Мәселенің түп-төркіні – мектептегі тәрбие мен отбасыдағы тәрбиенің үйлеспеуінде. Ата-ана баласын «менің балам кінәсіз» деп ақтай берсе, мұғалім беделін одан әрі құлдыратады.
Білім сапасын арттырамыз десек, ең алдымен мұғалім мәртебесін нақты іспен көтеру керек. Ұстаз – қоғамның тірегі. Ұстаз қорқатын емес, қорғалатын, құрметтелетін тұлға болуы тиіс. Сонда ғана оқушы да, ата-ана да мектепке деген жауапкершілікті сезінеді.