static.tengrinews.kz
Липосакциядан кейінгі өлім: Танымал процедураның қаупі қандай?
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блогер Сәуле Базарханның пластикалық хирургия клиникасында липосакция жасату кезінде қайтыс болуы елді дүрліктірді. Бұл оқиға отандық клиникалардың қауіпсіздігі мен жабдықталуына қатысты сұрақтарды қайта қозғады. TengriHealth тілшісі май сору операциясының қалай жасалатынын, қандай қауіптері бар екенін және медициналық орталықтар қандай талаптарға сай болуы керектігін анықтады.
Трагедияға жауап: тексеру және бақылауды күшейту
Сәуле Базархан – танымал блогер, кәсіпкер және сұлу әйел болған. Оның неден қайтыс болғаны әлі толық анықталмаған. Жақындарының айтуынша, ол Алматыдағы жеке клиникаға майды сыртқа шығару операциясын жасату үшін барған.
«Бір-бір жарым сағаттық жоспарлы операция (дәрігерлердің айтуынша) біздің отбасымыз үшін трагедияға айналды. Бір сағат. Бір жарым. Екі. Үш. Сұрақтарға жауап бермеді. Тек үнсіз қалды. Анамыздың енді жоқ екенін кешкі сағат 18:00 шамасында ғана туысқан әйелге хабарлады», – деп жазды марқұмның келіні әлеуметтік желіде.
Қазіргі таңда тексерулер басталды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Альназарова істі жеке бақылауына алды.
«Мамандар клиниканың лицензиясы бар-жоғын, қызметкерлердің тиісті біліктілігі болғанын, процедуралар медициналық стандарттарға сай жүргізілгенін және төтенше жағдай кезінде жедел көмек дұрыс көрсетілгенін анықтайды», – деді министр.
Егер тексеру кезінде заңбұзушылықтар анықталса, барлық материалдар дереу құқық қорғау органдарына беріледі. Сонымен қатар, Альназарова еліміздегі барлық эстетикалық клиникаларға бақылауды күшейтуді тапсырды.
Қазақстанда бұған дейін де сұлулық іздеген әйелдердің липосакциядан көз жұмған жағдайлары болған. Мысалы, 2016 жылы Алматыдағы жеке клиникада бір әйел бірден екі операциядан кейін қайтыс болды: липосакция және емшектің астындағы тыртықтарды алу. Туыстары бұл операциялардың ағзаға түскен салмақты көтере алмағанын айтты. Операциядан кейін науқас басқа клиниканың жансақтау бөліміне ауыстырылып, ертеңіне қайтыс болды. 2020 жылы Алматыда липосакция кезінде төрт баланың анасы көз жұмды.
Липосакция: операция кімге қажет және қанша майды ала алады?
Сәуле Базарханның өліміне қатысты тексерулер жүріп жатқанда, липосакцияның қаншалықты танымал әрі қауіпті екенін анықтауға тырыстық.
Пластикалық хирург Алексей Куимовтың айтуынша, Қазақстандағы пластикалық хирургия тәжірибесінде липосакция ең көп таралған операциялардың бірі емес, бірақ топ-10 процедураның қатарына кіреді.
Дәрігер операцияның кіші және үлкен көлемді болатынын түсіндіреді. Мысалы, тек иектің астындағы майды кетіру бір бөлек, ал дененің әртүрлі бөліктерінен майды алып, оны басқа жерге (мысалы, бөксе немесе сүт бездеріне) «қондыру» – липоскульптура 360 операциясы мүлдем басқа.
Сарапшы туралы: Алексей Куимов – пластикалық хирург, Қазақстан пластикалық, эстетикалық және реконструктивті хирургтерінің қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Еуропа ринопластика қоғамының мүшесі.
— Бір уақытта қанша майды кетіруге болады? Білерімде, белгілі бір стандарттар бар ғой.
— Липосакция кезінде тек май емес, аспират (май мен ерітіндінің қоспасы) алынады. Операция «құрғақ» жүргізілмейді. Алдымен тері астындағы май қабатына физиологиялық ерітінді (натрий хлор, адреналин мен жергілікті анестетиктер қосылған) енгізіледі. Бұл майды алуды жеңілдету, тіндердің зақымдануын азайту, операциядан кейінгі ісіну мен көгеруді кеміту үшін жасалады.
Сондықтан майдың көлемі ерітіндімен бірге есептеледі. Нақты стандарттар жоқ, бірақ әдетте хирургтер жалпыға қабылданған норманы ұстанады: бір операцияда 4 литрден аспайтын аспират алу. Іс жүзінде бұл – екі литр ерітінді мен соған тең май.
— Екі литр май – көп пе, әлде аз ба? Бұл көлем не шешеді?
— Липосакция арқылы салмақ тастауға болады деген қате пікір бар. Бұл – пациенттер арасында кең таралған үлкен қателік. Бұл операция салмақ жоғалтуға емес, дене контурларын түзетуге, «майлы тұзақтардан» майды кетіруге арналған. Ағзамызда май бірінші болып жиналатын, соңғы болып кететін жерлер бар – бүйірлер, іштің төменгі бөлігі, санның ішкі жағы.
Мұндай мәселелер салмағы қалыпты адамда да кездесіп, оған психоэмоционалдық жайсыздық тудыруы мүмкін. Сол кезде салмақ жоғалту үшін емес, липосакция жасалады. Сондықтан, басым көпшілік жағдайда екі литр май – проблемалы аймақтарды түзету үшін жеткілікті көлем. Ол үшін бір операция жеткілікті.
Егер хирургке артық салмағы бар, тіпті семіздікке шалдыққан адам келсе, алынатын майдың көлемі үлкен болуы мүмкін, бұл бірнеше операцияны талап етеді. Мұнда тәуекелдер артады және әр маман мұндай пациентке бармайды.
— Фотосуреттерге қарағанда, қайтыс болған әйел салмағында проблемасы жоқ, арық адам болған сияқты. Демек, бұл жерде шағын түзету туралы айтылған деп ойлауға бола ма?
— Ешнәрсені болжауға болмайды, фотосуреттерге қарап операция көлемін бағалау да мүмкін емес. Әйелдің белгілі бір процедураларды жасату үшін клиникаға барғанын білеміз, ал одан кейін не болды, қандай себептен трагедия орын алды – оны құзырлы органдар анықтайды. Қазір асығыс қорытынды жасаудың қажеті жоқ.
— Ал туыстары айтқан операция уақытына – бір-бір жарым сағат жергілікті анестезиямен жасалғанына келетін болсақ. Бұл липосакция кезінде мүмкін бе?
— Эстетикалық және жалпы хирургиядағы көптеген операция жергілікті анестезиямен жүргізілуі мүмкін. Бұл қалыпты тәжірибе. Жергілікті анестезияны операцияның қысқа мерзімі мен аз көлемді хирургиялық араласу кезінде қолдануға болады, әсіресе бір-бір жарым сағатқа сыйса. Шағын көлемдегі липосакция да жергілікті анестезиямен жүргізілуі мүмкін.
Липосакция: операция қаншалықты қауіпті және қандай асқынулар болуы мүмкін?
— Басқа пластикалық операциялармен салыстырғанда липосакция қаншалықты тәуекелді деп саналады?
— Ол операциядан кейінгі асқынулардың жоғары тәуекелі бар хирургиялық араласулар қатарына жатады, себебі оның өзіндік ерекшеліктері бар.
Көпшілік оның қалай жасалатынын шамамен біледі.
Денедегі кішкентай тесіктер арқылы май қабатына ине (канюля) енгізіледі, соның көмегімен май сорылып алынады. Ине вакуумды аспираторға қосылған. Оның тесіктері майды кесіп, аспираторға түсіретін арнайы ұшы бар.
«Шындығында, операция соқыр түрде жүргізіледі. Хирург иненің орналасқан жерін сезіп, қозғалысын бақылайды, бірақ жанында ірі қан тамырлары бар-жоғын көрмейді. Әдетте май қабатында олар болмайды, бірақ адамдардың анатомиясы әртүрлі, кез келген жағдай болуы мүмкін. Бұл – біріншісі.
Екінші маңызды фактор – липосакция кезінде үлкен жарақатты беткей қалыптасады, бірақ ол көзден тасада қалады. Хирург тек терідегі тесікті көреді. Канюля әсер ететін май жасушаларының бір бөлігі алынады, бір бөлігі зақымданып іште қалады.
Ағза жарақат алғанда, адреналин, кортизол, гистамин сияқты әртүрлі биологиялық заттар бөлінеді. Олар ағзада белгілі бір процестерді бастауы мүмкін, кейбір жағдайларда патологиялық сипат алуы ықтимал.
— Липосакция кезіндегі ең қауіпті асқыну қандай?
— Майлы эмболия – май жасушаларының фрагменттері қан айналымына түсетін процесс. Олар қан тамырларын бітеп тастауы мүмкін және қайда түскеніне байланысты асқынуларды тудырады. Егер май бөліктері өкпеге, жүрекке немесе миға түссе, бұл өте қауіпті. Мұндай жағдайда салдары өмірге сәйкес келмеуі мүмкін.
— Бұл тез болады ма?
— Тезірек, бірақ бірден емес. Майлы эмболия дамып жатқанын сездіретін белгілер бар. Кейбіреулерде процесс жылдам, кейбіреулерде баяу жүреді.
— Науқасқа осы кезде көмектесуге бола ма?
— Тағы да, әрқашан емес… Бәрі май бөліктері қай қан тамырларына түскеніне және қаншалықты тез анықталғанына байланысты. Сондай-ақ, тромбоэмболия сияқты қауіпті асқыну бар. Бірақ ол кез келген операция кезінде, әсіресе жалпы анестезиямен жүргізілгенде дамуы мүмкін, бұл аяқтарда тромбтың пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Егер адамның тромбы үзіліп, маңызды органдардағы қан тамырларын бітеп тастаса – бұл да өте қауіпті.
Әрине, кез келген медицина қызметкері кездесетін бірінші асқыну – анафилактикалық шок.
Пластикалық хирургия клиникалары: лицензиялар және жабдықтар
— Асқынулар кез келген сәтте туындауы мүмкін болса, мұндай операцияларды жүргізетін клиника қаншалықты мұқият жабдықталуы керек?
— Жабдықтарға қатысты стандарттарды Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті белгілейді. Клиника оларға сәйкес келсе ғана лицензия ала алады. Заңды медициналық ұйым оларсыз жұмыс істей алмайды.
— Нақтылайық: пластикалық хирургия клиникасында жансақтау бөлімі болуы керек пе? Әрдайым сұрақ туындайды: неге адамға сол жерде көмек көрсете алмады?
— Менің ойымша, тек жоспарлы – жедел емес хирургиямен (ал барлық пластикалық операциялар осыған жатады) айналысатын клиникада жансақтау бөлімі жоқ. Бұл эстетикалық қана емес, кез келген хирургиялық араласу түріне қатысты.
Талаптар бойынша пластикалық хирургия клиникасында ояту палатасы болуы керек, бірақ жансақтау бөлімі емес.
Анықтама: Ояту палатасы – хирургиялық операциядан кейін немесе седациядан кейін науқасты ауыстыратын арнайы жабдықталған медициналық бөлме. Оның басты мақсаты – анестезиядан қауіпсіз шығу және өмірлік маңызды функцияларды бақылау. Ояту палатасында персонал пульс, қысым, сатурация және тыныс алуды үнемі бақылайды. Әдетте науқас онда 1-2 сағат болады. Содан кейін оны қалыпты палатаға ауыстырады.
Төтенше жағдайларға арналған жабдықтарға келетін болсақ – олар көп емес, стандартты және заңды жұмыс істейтін кез келген клиникада бар деп ойлаймын.
Критикалық жағдайларда клиникада пациентке оттегі беру ұйымдастырылуы керек. Ол үшін өкпе желдету аппараты, Амбу қабы (өкпені қолмен желдету үшін қолданылады), дефибриллятор қажет – бұл жиынтық кез келген жедел манипуляцияларды жүргізуге жеткілікті.
— Онда неге Сәуле Базархан қайтыс болған клиника өкілдері жедел жәрдем шақырды деген сұрақ туындайды? Кем дегенде, марқұмның жақындары солай дейді.
— Төтенше жағдайда пациентті мамандандырылған көмек көрсететін басқа медициналық мекемеге ауыстыру қажет болуы мүмкін. Бұл жерде жансақтау бөлімінің жоқтығы емес. Асқынулар туындап, пациентке басқа түрлі көмек, пластикалық хирург жасай алмайтын басқа операция қажет болады.
— Сіздің мамандығыңызға кіру талабы қазір қаншалықты жоғары? Пластикалық хирургтер арасында кәсіби емес адамдар кездесіп, пациенттерге зиян келтіріп, ақша үшін тәуекелдерді ескермейтін проблема бар ма?
— Дәрігер, оның ішінде хирург мамандығына кіру талабы өте жоғары. Тек оқуға шамамен тоғыз жыл кетуі керек. Содан кейін бедел жинау жылдары – дәрігер үшін ең құнды нәрсе. Сеніңіздер, медицина – адамдар ақша табу үшін келетін сала емес.
— Бірақ пластикалық хирургтер туралы көбінесе ақшамен байланысты айтады. Тіпті дәрігерлердің өздері де күледі: ақша тапқың келсе, кеудеңді үлкейтуге немесе майды сорып алуға бар.
— Стоматологтар бұл туралы сізбен дауласар еді. Жалпы, мұндай пікір пластикалық хирургияда ешқашан тегін операциялар болмағандықтан қалыптасады. Көпшілік оларды адамның еркіндігі ретінде қабылдайды. Бірақ бұл адамдар тек ақша табу үшін келеді дегенді білдірмейді және бұл дәрігерлердің кәсібилігіне әсер етеді.
— Мамандық саласында ешқандай проблема жоқ па, барлық пластикалық хирургия клиникалары мен дәрігерлер жауапкершілікпен және жоғары деңгейде жұмыс істей ме? Мен қателер туралы айтып отырған жоқпын (олар кез келген хирургте болуы мүмкін), мен деңгей туралы айтып отырмын.
— Біздің саламызда біз ықпал ете алмай жүрген бір үлкен проблема бар. Ол – «қара» косметологтар. Олар көбірек, ал «қара» хирургтер – аздау, бірақ олар да бар. Бұл – әдетте профильді білімі жоқ, медициналық қызметке рұқсат құжаттары жоқ адамдар, бірақ олар мүлдем дайын емес жағдайларда операциялар жүргізеді. Соның салдарынан пациенттерде көптеген асқынулар туындайды.
Біздің қауымдастық комитетке және медициналық-фармацевтикалық бақылау департаменттеріне жүгінді, бірақ сол кезде заңнама бойынша алдын алу тексерулерін жүргізу мүмкіндігі болмады. Ережелер былай жұмыс істеді: бір жамандық болмайынша және зардап шеккендер департаментке ресми шағыммен жүгінбесе – ешкім ештеңе істей алмайтын.
Адамдар мұндай клиникаларға барады, себебі олар салыстырмалы түрде арзан баға ұсынады және медициналық білімі жоқ жалған дәрігерлер хирургиялық операциялар жасайды. Міне, біздің саламыздағы ең үлкен проблема осы.
– Бұл жағдайда біз лицензиясыз жұмыс істей алмайтын ірі клиника туралы айтып отырмыз. Демек, заңды секторда да проблемалар бар. Түсінемін, бұл сіздің әріптестеріңіз, және біз бұл жағдайды нақты бағалай алмаймыз.
Бірақ жалпы айтсақ: көптеген адамдар үшін пластикалық хирургия – бәрібір ақша туралы әңгіме. Бір хирург тәуекелдерді түсініп, операция қауіпті екенін айтады, себебі адамда қарсы көрсетілімдер бар, ал екіншісі табысты басым көреді – және сол липосакцияны жасауға кіріседі.
— Тәжірибемнен білемін: адам бір нәрсе жасау идеясын санасына бекітіп алса, оған көмектесетін адамды табады. Операция – бұл кез келген жағдайда тәуекел. Біз бұл туралы үнемі айтамыз, бірақ бұл сөздерге құлақ асатындар аз.
Мен өз пациенттеріме әрдайым Фемиданың екі таразысын елестетуді ұсынамын. Бір жағында – сыртқы келбетін өзгертуге деген ұмтылыс, екінші жағында – қорқыныштар мен күмәндер. Егер екіншісі басым болса, операцияны мүлдем жасауға болмайды.
— Трагедиялардың қайталанбауы үшін қазір не істеу керек?
— Бұл жағдайдың себептерін мұқият зерттеу керек. Оларды қалай болдырмауға болатынын түсініп, оларды болашақта болдырмау үшін белгілі бір шаралар қабылдау қажет. Тыйым салу? Айыппұл салу? Жазалау? Бізде жиі осы жолмен жүреді, бірақ бұл дұрыс емес.
Дұрыс жол – «қара» қызметтер нарығымен күресу және заңды лицензияланған клиникалар мен сертификатталған мамандардың жұмыс істеуі үшін жағдай жасау.
Пластикалық хирургия және косметология – көптеген адамдарға шынымен қажетті сұранысқа ие қызметтер. Бұл процедураларды пациенттер үшін қауіпсіз ету – құзырлы органдар мен кәсіби медициналық қауымдастықтардың негізгі міндеті. Бірақ бұл тек тыйымдар мен жазалар арқылы ғана емес, сонымен қатар басқа да шаралар арқылы жүзеге асады.