
- 01 июл. 2025 19:32
- 42
Ливия маңында Қазақстан мұнайын тасымалдаған танкерде жарылыс болды
Ливия жағалауында бір миллион баррельге жуық мұнай тиелген Vilamoura танкерінде жарылыс болды. Кеме Грекиялық TMS Tankers компаниясына тиесілі. Алдын ала ақпаратқа сүйенсек, танкердің ішінде Қазақстан мұнайы болғаны айтылып отыр.
Жарылыс салдарынан кеменің машина бөлігінде құрылымдық зақым тіркелген. Компания өкілдері кеменің корпусында тесік пайда болып, машина бөлімін су басқанын хабарлады. Соған қарамастан, мұнай төгілмеген, экологиялық залал анықталмаған. Экипаж мүшелері де амансақталып, медициналық көмекке мұқтаж болмаған.
Жарылыстың нақты себебі әзірге белгісіз. TMS Tankers баспасөз қызметі апат орнында тексеріс жүргізіліп жатқанын, бірақ техникалық ақау немесе сыртқы факторлар да қарастырылып жатқанын хабарлады. Кемені толық тексеру үшін оны жақын арада Грекияға жеткізу жоспарланып отыр. Сол жерде залал көлемі мен қалпына келтіру мүмкіндіктері анықталады.
Vilamoura танкері бұған дейін Қазақстан мұнайын Ресей порттары арқылы тасымалдаумен айналысқан. Ашық навигациялық деректерге сәйкес, кеме 2025 жылдың сәуірінде Ресейдің Усть-Луга портында болған. Бұл порт арқылы Қазақстан мұнайы Еуропа нарығына жөнелтіледі. Мамыр айында танкер Каспий құбыр консорциумының Новороссийскідегі терминалына тоқтаған. Екі жағдайда да танкерге Қазақстан аумағынан шыққан мұнай тиелгені хабарланған.
Бұл оқиға Қазақстан мұнайын теңіз арқылы тасымалдау қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар туындатып отыр. Сарапшылар бұған дейін де теңіз тасымалы кезінде қауіпсіздік, экология және техникалық жағдайларға байланысты бірқатар қауіп-қатер барын айтқан еді.
Қазіргі уақытта Қазақстан тарапынан бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берілген жоқ. Энергетика министрлігі немесе «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы тарапынан әзірге ешқандай мәлімдеме жасалмады. Бұл оқиға ел ішінде де, сыртқы нарықта да мұнай экспортына қатысты алаңдаушылық туғызуы мүмкін.