- 31 янв. 2018 00:00
- 275
Мәжіліс депутаты Kundelik.kz жүйесіндегі кемшіліктерді атады
Педагогтар мен ата-аналар Kundelik.kz жүйесімен жұмыс істеу күрделі екеніне шағымдануда. Бұл туралы ҚР Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаевқа жолдаған сауалында депутат Айзада Құрманова айтты.
«Жақында Білім және ғылым министрлігі кең жолақты интернеті бар мектептерде тек электронды журналдар толтырылатынын мәлімдеді. (...) Электронды журналдарды сақтау ұзақ мерзімді түрде сақтау үшін резервтік көшірме жүйесін талап етеді. Қазіргі кезде мектептерде осындай жағдай жоқ. Сонымен қатар электронды журналдарды сақтаудың нұсқаулары мен ережесі де ескерілмеген. Әрбір тоқсанның соңында электронды журналдарды басып шығарудың өзі тиісті шығындарды тудырады. Сәйкесінше, осы шараларға мектептерде бюджеттік қаржы қарастырылмаған», - деп тоқталды А. Құрманова Мәжілістің жалпы отырысында.
Бұдан бөлек, депутаттар Kundelik.kz жүйесінің қауіпсіздігіне күмәнмен қарайтындығын айтты.
«Алматы қаласындағы № 61 мектептегі оқиғаға тоқталсақ, сол кезде белгісіз біреулер электронды күнделіктерде бірнеше оқушының аватаркаларын өзгерткен. Осы арқылы бұл жағдай оқушылардың жеке мәліметтерін қорғау қажеттігін көрсетті», - деді ол.
Сонымен қатар депутат министрлік өкілдері осыған дейін бұл жүйеге ата-аналардың ерікті әрі ақысыз түрде қатысатындығы туралы бірнеше рет жариялағанын сөз етті. Оның айтуынша, шын мәнінде Kundelik.kz. қызметтерінің бір бөлігі ғана ақысыз, ал ата-аналарға қажетті бірқатары ақылы болып отыр.
«Педагогтар Kundelik.kz-ті енгізу мәселесінде сайтқа адамдардың кіруіне байланысты ҚР БҒМ тарапынан жүргізілетін мониторингке көңілі толмайды. Мониторинг негізінде қолданушылардың белсендігі бойынша өңірлердегі білім беру мекемелерінің жария емес рейтингі құрылады. Сондықтан да педагогтарға ата-аналардың логиндері мен құпиясөзін жинауға тура келеді. Осы орайда мұғалімдер олардың атынан парақшаларға күнделікті кіруге мәжбүр. Кейбір мектептерде интернет тек бір кабинетте ғана қосылған, бұл тұрғыда мұғалім сабақтан кейін тағы 2-3 сағат уақытын электронды журналға жұмсайды. Ал егер бұл шараларды орындамаса, мектеп әкімшілігі тарапынан сөгіс алуы мүмкін», - дейді депутат.
Оның пайымынша, негізі жаңа жүйе педагогтарға жүктемені азайтуы тиіс еді, бірақ іс жүзінде мұғалімдер екі жұмыс жасауға мәжбүр. Яғни, журналдардың бірнеше түрін толтырып, сайтқа кіретіндердің санын арттыру тұрғысында балалар мен ата-аналар атынан пайдалануға артық уақыт жұмсайды.
«Кезекті рет барлық жүктеме мен жауапкершілік қазақстандық мұғалімдерге жүктелген. Жалпыға бірдей цифрландыру жағдайында аталған бағдарламаны жетілдіру қажеттігі айқын байқалып отыр. Сондықтан Kundelik.kz сайтына кіру көрсеткішіне түрлі мониторинг пен рейтингтер тәжірибесін жойып, жоғарыда аталған проблемаларды қарастыруды сұраймыз. Сонымен қатар «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл проблемаларды шешудің шараларын қабылдауды ұсынамыз», - деді Айзада Құрманова.
ҚазАқпарат
-
Бүгінде адамзатты Марсқа ұшумен де таң қалдыра алмайсыз. Әрине, ақыл-ойы жоғары адамдар үшін ол ойланарлық жағдай. Бірақ, соңғы кезде көптігінен көз сүрінетін криптовалюта мен блокчейн тақырыптары ...