НОК/ Сали Сабиров
- 01 июн. 2026 17:30
- 30
Мемлекеттік спорт мекемесі мен Михаил Шайдоров арасындағы дау шешілді
Қазақстанның мәнерлеп сырғанаудан алғашқы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров пен Туризм және спорт министрлігі арасындағы даулы жағдай шешілді. Вице-министр Серік Жарасбаевтың айтуынша, спортшы жаңа келісімшартқа қол қойып, тиісті төлемдерді алатын болады.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Даудың себебі
Бұған дейін Михаил Шайдоров бес ай бойы жалақы алмай жүргенін және жаттығу жиындарына қаражат бөлінбегенін мәлімдеген болатын. Министрлік бұған дейін келісімшарттың тармақтарына байланысты спортшының келіспейтінін айтқан еді. Кейіннен Шайдоров келісімшартқа отыру үшін 2030 жылғы Олимпиадада медаль алуға кепілдік беру керектігін айтып, талаптарды жариялады.
Келісімшартқа қол қойылды
Вице-министр Серік Жарасбаевтың мәлімдеуінше, келісімшарт барлық құқықтық нормалар аясында жасалған. Тараптар барлық тармақтарды талқылап, өзара келісімге келген. Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін барлық міндеттемелер орындалып, тиісті төлемдер жүзеге асырылатын болады.
Жаттығу жиындары және болашақ жоспарлар
Сондай-ақ, министрлік өкілінің айтуынша, Михаил Шайдоровтың маусым алдындағы дайындығы мәселесі де шешілген. Спортшы 5 маусымда командасымен бірге АҚШ-қа аттанып, жаттығуін жалғастырады. Жақын арада Шайдоров министрлікке келіп, алдағы Олимпиада цикліне дайындық, жаңа жарыстар және елімізде мәнерлеп сырғанауды дамыту мәселелері талқыланады.
Михаил Шайдоров – Қазақстанның мәнерлеп сырғанаудан алғашқы чемпионы
Естеріңізге сала кетейік, Михаил Шайдоров 2026 жылғы Италияда өткен Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алған болатын. Ол бұл спорт түрінен Қазақстаннан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы атанды. Өткен жылы Шайдоров әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Төрт континент турнирінің жеңімпазы болған еді.