Последнее обновление

(Время обновление 1 месяц назад)
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Сабақтың тақырыбы: Мемлекеттік тіл – менің тілім
Туған елім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы,
Өссе тілім, менде бірге өсемін,
Өшше тілім, мен де бірге өшемін!
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Тыңдаушыларды өз ана тілінің қадір - қасиетін біліп, өз ана тілінің көркемдігін сезініп, сөз құдіретін түсініп, оның адам өміріндегі маңызын ұғынуға үйрету.
Дамытушылық: Тіл әуезділігін, көркемдігін, байлығын, шешендігін көрсететін нақыл сөздер, мақал - мәтелдер арқылы оқушы дүниетанымын кеңейту.
Тәрбиелік: Тіл тазалығын сақтау, мәдениетті сөйлеу, шешендік өнерді тыңдаушы бойына сіңіре отыра, ана тіліне сүйіспеншілігін қалыптастыру, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге ат салысуға шақыру.
Сабақтың көрнекілігі: Microsoft Pover Point программасында безендірілген презентация
Сабақтың әдіс - тәсілдері, жұмыс түрлері: түсіндірмелі, қайталау, шығармашылық, талдау, сұрақ - жауап
І. Ұйымдастыру кезеңі:
ІІ. Сабақтың барысы:
Сәлеметсіздер ме, құрметті тыңдаушылар! Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілдің ауылынан басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Бүгінгі қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туды. Тілі мен дінінен айырылған ондай жан рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей, көлдененең көк атының қолжаулығына айналады. Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай өткізіліп отырған «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты сабағын бастаймыз.
Тіл дегеніміз не?
Тіл не үшін керек?
Ана тілі деген не? – сұрақтарына кеңінен тоқтала кетейік.
Тіл – қатынас құралы болғандықтан, қарым – қатынас, өзара әрекет сол тіл арқылы дамиды. Қазақ тілі – қазақ халқының әдеби тілі және мемлекеттік тіл. Қазақ тілі - өте бай және көркем тілдердің бірі.
1989 жылы – Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңы қабылданып, қазақ тілі - мемлекеттік тіл дәрежесін алды. Орыс тілі – ресми тіл ретінде қолданылады. 1997 – жылы Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
Қазақстан үш тұғырлы тіл саясатын қолдайды: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін.
Тілдер мерекесінің датасы неге өзгерді?
Ал еліміздегі тілдер мерекесінің датасы өзгеруінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Бүгін барша қазақстандық қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тілдер мерекесін тойлайды.
  • Сіздердің ана тілдеріңіз қандай тіл?
  • Тіл – сөзін естігенде ойларыңызға не келеді?
    ( бай, көркем, дамыған, құнарлы, ырғақты, мұра, парыз, құрмет, ана тілі, қазына, мемлекеттік тіл, отбасы, рухани байлық, тәуелсіздік, қорғау, ата - баба)
Олай болса тапсырмаларға зейінімізді аударайық.
Сөздікпен жұмыс:
қатынас құралы — средство общения
пікір алмасу — обмен мнением
мамандық — специальность
ұрпақтан - ұрпаққа — с поколения в поколение
өркендеу — развиваться
  кескін - келбеті — облик
Қылыш – сабля
Жан – душа
Кілт – ключ
Айна – зеркало
Ырғақ - ритм

Сабағымыз кезеңнен тұрады:
1. «Білгенге маржан»
2. «Шашылған мақалдар»
3. «Жыр алыбы - Жамбыл»
4. «Адасқан әріптер»
5. «Менің ойымша...» шығармашылық жұмыс
6. «Мәнерлеп оқу»
1 - кезең: «Білгенге маржан» (Грамматикалық сұрақтар).
Тыңдаушыларға әр түрлі сұрақтар қойылады.
 1. Қазақ әліпбиінде неше әріп бар? (42 әріп)
2. Жас келсе неге? (іске)
1. Неше дауысты дыбыс бар? (9)
2. Білмеген не ішеді? ( у ішеді)
3. Қазақша апта күндерін ата.
4. Білгенің қанша, білмегенің қанша?(білгенің 9, білмегенің 99)
5. Қазақ тілінде неше жалғау бар? (4)
6. Дос басқа қарайды, ал дұшпан ше?(дұшпан аяққа қарайды)
7. Қазақ тілі сабағында біз қай тілде сөйлесеміз?
8. Өтірікші кімді алдайды?(өзін - өзі алдайды)
9. Жыл мезгілдерін ата.
10. Көпке не шашпа?(топырақ)
11. Жаз айларын ата.
12. Бейнет түбі не?(зейнет)
13. Ай аттарын ата.
14. Тастың жеңілі бола ма?(Керек тастың ауырлығы жоқ)
15. Бір жылда неше ай бар?
2 - кезең: «Шашылған мақалдар»
Берілген сөздермен дұрыс сөйлем құру. (Тіл туралы нақыл сөздер)
1. Сүйек, иек, ерінде, тілде, жоқ. (Тілде сүйек, ерінде иек жоқ.)
2. Тіл, жанының, тілмашы, адам. (Тіл адам жанының тілмашы.)
3. Тіс, түйгенді, тіл, шеше алмайды. (Тіл түйгенді тіс шеше алмайды.)
4. Жоқтың, діні, тілі, жоқ. (Тілі жоқтың діні жоқ.)
5. Тіл, көтермегенді, піл, көтереді. (Піл көтермегенді, тіл көтереді.)
6. Тіл -, мұрасы, халықтың. (Тіл - халықтың мұрасы.)
7. Өнер, қызыл, алды -, тіл. (Өнер алды - қызыл тіл.)
3 - кезең: Жамбыл Жабаевтың өмірімен қысқаша таныстыру. Бейнеролик арқылы шығармашылығына қысқаша тоқталу.
АЛАТАУ. Ж. Жабаев
Тізілген таулары бар Жетісудың,
Ішінде орман, тоғай біткен нудың.
Дариядай сол таулардан тулап тасып,
Көресің тамашасын аққан судың.
Есепсіз тау суреті көз жетпейтін,
Жырлауға қазынасы көп тіл жетпейтін.
Өрік пен алма, алмұрт, жемістер көп,
Бір татсаң, ауызыңнан дәм кетпейтін.
Қарлы тау басы биік мұнар кетпес,
Сырласып, бұлттарменен болған кептес.
Түрлі аңдар мекен етіп, өніп - өсіп,
Жүреді бір - бірімен боп тілектес.
Арыстан, аю, қасқыр, түлкі, борсық,
Сілеусін, жолбарыстар түнде жортып.
Тулаған аққан бұлақ тасқынында
Асаудай ойнақ салар балық шоршып.
Алатау Жетісумен құшақтасқан,
Еліне қазыналы қойнын ашқан, '
Бауырында Қазақстан астанам бар, —
Бір бауыр орыс - қазақ араласқан.
Жайлау бар бұл тауларда шөбі шалғын,
Көк майса ойы, қыры бәрі балғын,
Қызығын сол жайлаудың көрсем десең, —
Шөбіне бауырың төсеп жатып алғың.
Ар жағы — еңреген ел Қытай жері,
Бер жағы — ен жайлаған қазақ елі,
Басында бахыт жырлап Жамбыл отыр,
Желбіреп қызыл жалау шығыс белі.
Өлеңнің мағынасын ашу.
Дәптермен жұмыс.
Ну - қалың
Мұнар - бұлыңғыр
Кептес - тілдесу, сөйлесу
Сұрақ - жауап әдісі
Тірі табиғатқа не жатады?(өсімдік, жануар, адам)
Өлі табиғатқа не жатады?(жер, су, күн, жұлдыз, ауа)
Табиғат құбылыстарына не жатады?(жел, жауын, қар, қырау, боран)
4 - кезең: «Адасқан әріптер»
Шарты: Тыңдаушыларға әріптер жазылған парақтар таратылады және жұмбақ жасырылады, оның шешуін жылдам және дұрыс табуға тиіс.
1. Тілі жоқ, ақыл - кеңес береді. (кітап)
2. Жазу жазып жалықпаған, жаза - жаза арықтаған. (бор)
3. Тілі жоқ өзінде, сөзі бар ізінде.(қалам)
4. Үстінде есігі, өзі орындық, өзі үстел, оқушылар бесігі.(парта)
5. Бөлінгенді табыстырып, біріктірсе қабыстырып.
Жымдастырған жігіт де, байқамайсың түгін де. (желім)
5 - кезең: «Менің ойымша...» шығармашылық жұмыс.
1 тақырып: Тіл – асыл қазына.
2. тақырып: Отан - елдің анасы.
6 - кезең: «Мәнерлеп оқу»
Үзінділерді 3 қайтара мәнерлеп оқу, аудару, тақырыбын ашу.
Сүйемін туған тілді, ана тілді,
Бесікте жатқанымда берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
С. Торайғыров

  Ана тілің біліп қой,
Еркіндігің, елдігің.
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың, елдігің.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
Қ. Мырзалиев
Грамматикалық тапсырма:
Өлеңдерден тәуелдік жалғаулы сөздерді жазып алыңыз, олардың қай жақта тұрғанын анықтаңыз.
Жатқа жазу.
Өлеңнен есте қалған жолды жазу.
Қорытынды бөлім:
Қорыта айтқанда, «Білекке сенер заманда - ешкімге есе бермедік. Білімге сенер заманда – қапы қалып жүрмейік» - деп Абылай хан айтып кеткендей, ертеңгі күннің болашағы бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән екенін естен шығармайық! Бiлiм мен ғылымның, экономиканың, бизнестiң, саясаттың, жалпы бәсекелестiктiң қарыштап дамып отырған бүгiнгiдей жақандану кезеңiнде Елбасы көрегендiк танытып, алдымызға үш тiлдi бiлу қажеттiгiн қойып отыр. Әсiресе, өскелең ұрпақтың жастар алдында бiрнеше тiл бiлу мiндетi тұр. Олай болса, бүгiнгi Қазақстан азаматтарының парызы - «өзге тiлдiң бәрiн меңгерiп, мемлекеттiк тiлдi құрметтеу» деп бiлемiн!
Үйге тапсырма: Ақын - жазушылардың тілге қатысты бір қанатты сөзін жаттап келу.

Ақмола облысы, Бурабай ауданы
Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы А. С. Махметованың ӘЗІРЛЕМЕСІ

You Might Also Like

Новости

Реклама