Последнее обновление

(Время обновление 7 минут назад)
Меруерт Түсіпбаева: Телеарналардың «қара тізімі» туралы алғаш рет айтты

Қазақстандық танымал әнші Меруерт Түсіпбаева өнердегі өзекті мәселеге қатысты пікірін білдіріп, екі ірі телеарнаның – «Қазақстан» мен «Хабардың» эфирінен өзінің жобаларының 2025-2026 жылдары алынып тасталғанын айтты. Бұл жаңалық әншінің бұған дейін БАҚ-та тараған әріптесі Алмас Кішкенбаевтің «қара тізімге» ілінгені туралы ақпаратты растай түскендей болды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Телеарналардың «қара тізімі»

Әнші бұл жағдайға жас әншілер сияқты емес, салмақты қарайтынын айтты. «Мен жас әнші емеспін ғой, сондықтан мұны сабырмен қабылдадым. Жастар шықсын, Құдайға шүкір. Мен қатты уайымдаған жоқпын», – деді ол.

Алайда, дайын жобалардың эфирге шықпағанына әншінің көңілі толмады. Оның айтуынша, «Хабар» телеарнасы арнайы шақырып, бес әннің бейнебаянын түсірген. Түсірілімге 8-9 оператор жұмылдырылып, бірнеше сахналық образдар дайындалған.

«Еңбек зая кетті»

«Бес ән түсірілді, үлкен команда жұмыс істеді. Қаншама энергия, еңбек, уақыт кетті – нәтижесінде ештеңе болмады. Эфирге шықпады», – деп ағынан ақтарылды әнші.

Сонымен қатар, «Таншолпан» бағдарламасына арнап жазылған әнінің де көрсетілмегенін жеткізді. Бағдарлама жүргізушісіне хабарласқанымен, нақты жауап ала алмағанын айтты.

Шығармашылық жолы және аудиторияға деген ризашылығы

Меруерт Түсіпбаева шығармашылық жолын жалғастыра беретінін және өз аудиториясына алғыс білдіретінін атап өтті.

«Ең бастысы – халқым аман болсын. Оқырмандарым да аман болсын. Баянауыл тарихында болмаса да, менің атым қалады», – деп түйіндеді әнші.

Бұл мәселеге қатысты телеарналардан ресми пікір әзірге түскен жоқ.

Новости

Реклама