Последнее обновление

(Время обновление 1 минуту назад)
Назарбаевтың немере келіні: Әжемнің деменциясы асқынып барады

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен немере келіні Аида Әлиева жақын адамының денсаулығына қатысты әсерлі жазба жариялады.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әжесінің жағдайы туралы

Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің ұлы Нұрәлінің жұбайы Аида Әлиева қазіргі уақытта шетелде тұратынын, сондықтан науқас әжесінің жанында күн сайын бола алмайтынын айтты. Ол әлеуметтік желіде әжесімен бірге түскен суреттерін бөлісіп, қарт кісіге күтім жасап жүрген туыстарына алғыс білдірді.

Аида Әлиеваның сөзінше, оның әжесі бірнеше жылдан бері деменция дертімен күресіп келеді. Алайда, кей сәттерде ол кісі ерекше сергіп, ойын анық жеткізе алатынын жазды.

«Бір ғажайып болады»

«Әжемнің бірнеше жылдан бері деменциясы асқынып барады. Күнделікті өмірде ол кісі көбіне сөйлескісі келмейді, тұйықталып, ұзақ уақыт үнсіз қалуы мүмкін. Бірақ мен «Ақмама, балалар мен немерелер үшін видео жазайықшы, сіздің сөздеріңізді сақтап қалу мен үшін өте маңызды» десем, бір ғажайып болады. Ол кісі жинақталып, жанданып, сөйлей бастайды. Сондай анық әрі түсінікті сөйлейді, көп адам оның деменциямен ауыратынына сенбейді», – деп жазды Аида Әлиева.

Қамқорлықтың маңызы

Ол сондай-ақ әжесінің жанында күн сайын өзінің тәтесі, яғни науқастың келіні бар екенін атап өтті. Әлиева мұны үлкендерге деген шынайы махаббат пен қамқорлықтың үлгісі деп бағалады.

Оның айтуынша, қарт адамдармен қарым-қатынаста ең маңыздысы – назар, мейірім және қасында болу. Тіпті егде жастағы адам сөйлескісі келмесе де, оны құшақтап, қолынан ұстап, жанында отырудың өзі үлкен қолдау екенін айтты.

«Иә, кейде қарт адамдармен тіл табысу оңай емес. Бірақ біз кішкентай болған кезде, бізбен де әрдайым оңай болған жоқ қой», – деп жазды ол.

Жазба соңында Аида Әлиева алғыс пен махаббаттың тек сөзбен емес, нақты әрекетпен көрінетінін еске салды.

«Алғыс бір-бірімізге бөлетін уақытпен, көңілмен, қамқорлықпен және жай ғана қасында болумен өлшенеді», – деді ол.

Новости

Реклама