Последнее обновление

(Время обновление 1 час назад)
Петропавлда жылқы етін жеген зейнеткер ажал аузынан аман қалды

Петропавлда 66 жастағы зейнеткер ас ішу кезінде жылқы етіндегі өткір сүйекті байқамай жұтып қойып, өміріне қатер төндірген. Жедел түрде ауруханаға жеткізілген ер адамға дәрігерлер шұғыл ота жасап, ажал аузынан аман алып қалды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Науқас кешкі ас кезінде жылқы етін жеп отырып, сүйекті жұтып алғанын айтқан. Алғашында өзінен-өзі өтіп кетеді деп ойлағанымен, кейіннен кеуде тұсы мен мойны қатты ауырып, жүрені айныған. Уақыт оздырмай жедел медициналық жәрдемге жүгінген.

Өңештің тесілу қаупі болған

Көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілген науқасты тексергенде, сүйектің өңештің шырышты қабығына екі жағынан кіріп кеткені анықталды. Бұл жағдай өте қауіпті болғандықтан, дәрігерлер дереу операциялық бөлмеге кірісіп, жалпы наркозбен күрделі ота жасады. Хирург-эндоскопист Константин Зыряновтың басшылығымен сүйек сәтті алынып, науқастың өмірі құтқарылды.

Мамандар ескертеді

Медицина мамандары мұндай жағдайлардың өте қауіпті екенін айтады. Бір қате қимыл өңештің жыртылуына немесе қан кетуге әкелуі мүмкін. Егер науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбесе, өңештің тесілуі, ауыр инфекция немесе сепсис сияқты асқынуларға ұшырауы ықтимал еді.

Қазіргі таңда Петропавл тұрғыны хирургия бөлімінде ем қабылдап, жағдайы орташа ауырлықта, тұрақты деп бағалануда. Дәрігерлердің бақылауында қалпына келу кезеңін жалғастыруда.

Мамандар халыққа тамақты асықпай, мұқият шайнап жеуге кеңес береді. Әсіресе, сүйегі бар тағамдарды тұтынғанда ерекше сақ болу қажет. Кеуде немесе мойын тұсында қатты ауырсыну сезілсе немесе тамақта бөгде зат тұрғандай әсер пайда болса, дереу дәрігерге қаралу маңызды.

Новости

Реклама