tengrinews.kz
- 22 февр. 2026 09:01
- 20
Петропавлдағы "әйелдер іш киімін киген психопат" ісі: сот шешімі шықты
Петропавлда әйелін және балаларын қорлап, әйелдер іш киімін киіп, бейнежазбалар түсірген ер адам мен оның әйелі ата-ана құқығынан айрылды. Бұл туралы Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар соты хабарлады.
Бұл жантүршігерлік оқиға өткен жылдың қараша айында белгілі болды. Көпбалалы анаға қатысты зорлық-зомбылық туралы дабыл хабарламасы "НеМолчи.kz" қоғамдық қорының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Қордың мәліметінше, әйел күйеуінен көп жыл бойы қорлық көріп, салдарынан мүгедек атанған.
"Әйел күйеуінің тарапынан көп жыл бойы қорлық көрді. Ол әйеліне операция жасатып, тіпті басын да жартты. Бірақ бұл оны тоқтатпады, әйелін ұрып-соға берді. Әйел есінен танып, құлай берді. Ақыры аяғынан тұра алмай қалды", - делінген "НеМолчи.kz" жазбасында.
Қордың хабарлауынша, әйел анасының үйіне қашып кеткенімен, бес кәмелетке толмаған баласы әкесімен қалған. Отағасы балаларына да агрессивті қарым-қатынас танытқан. Мұны растайтын TikTok желісіне салған бейнежазбалары да бар. Онда ол әйелдердің іш киімін киіп түскен.
Арест, есепке алу және сот
Бұл жағдайға полиция назар аударып, қамқоршылық органдарымен бірлесіп, отбасының тұрғылықты жеріне барды. Әйелдің арызы бойынша, күйеуіне қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін әкімшілік іс қозғалды.
Нәтижесінде, Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар соты кінәлі деп танып, оған бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, сот оның әйелі мен балаларының жанына рұқсатсыз баруына 12 ай бойы тыйым салды.
Полиция ата-ананы арнайы есепке алды. Кейіннен Петропавл қалалық білім бөлімі балаларды ата-аналарымен қалдыру қауіпті деп шешіп, әкесі мен анасын сотқа берді. Екеуі де жұмыс істемегендіктен, бала тәрбиесіне қажетті міндеттерді орындай алмаған.
Сот отырысы жабық режимде өтіп, үш айға созылды. Қорытындысында, сот ерлі-зайыптыларды бес баласынан ата-ана құқығынан айру туралы шешім қабылдады. Алайда, белгілі бір шарттар орындалса, алты айдан кейін олар құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік алады.
Қазіргі таңда бес бала да қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында тәрбиеленуде.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.