
- 01 мая 2025 11:33
- 13
Президент Тоқаев Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығының ұжымын құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының ұжымына ерекше алғыс білдірді. Жуырда аталмыш орталықта елімізде алғаш рет бір уақытта үш науқасқа үш түрлі донордың бүйрегі тоғыспалы трансплантация әдісімен сәтті ауыстырылды.
Президент бұл бірегей операцияны жетекшілік еткен профессор, белгілі хирург Болатбек Баймаханов бастаған мамандар тобының кәсіби біліктілігі мен жоғары деңгейдегі шеберлігінің нәтижесі екенін атап өтіп, бұл отандық медицинаның үлкен жетістігі деп бағалады.
Мемлекет басшысының Алғыс хатында:
– Денсаулық сақтау жүйесін дамыту – еліміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Бұл бағытта көптеген ауқымды бастамалар қолға алынып, ұлттық медицинаның әлеуеті артып келеді. Сіздердің сәтті өткізген тоғыспалы трансплантация операцияларыңыз – осы ілгерілеудің жарқын көрінісі. Қазіргі таңда Қазақстан күрделі трансплантациялық операцияларды жоғары деңгейде орындай алатын әлемдегі санаулы алты мемлекеттің қатарына енді. Бұл жетістікке сіздердің кәсібиліктеріңіз, терең біліміңіз бен мол тәжірибеңіз арқасында қол жеткізілді. Баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да халықтың денсаулығын сақтау жолындағы еңбектеріңіз жемісті боларына сенемін, – делінген.
Айта кетейік, бұл күрделі операция еліміздегі трансплантология саласындағы маңызды серпіліс ретінде бағаланып отыр.