Қалай миллионер болуға болады: Сан-Францискодағы қаңғыбастың тарихы
Крис Гарднер кішкентай ұлымен бірге қоғамдық дәретхананың еденінде ұйықтап жүрген кезде, бір кездері өз өмірінің желісімен Голливудта әйгілі фильм түсірілетіні туралы үш ұйықтаса түсіне кірген емес.
Оның адамға шабыт сыйлайтын керемет оқиғасы туралы BBC агенттігі былай деп айтып берді.
1980-жылдардың басында 27-жасар Гарднер үшке де толмаған ұлымен бірге бір жыл бойы Калифорния штатының Сан-Франциско қаласының көшесінде баспанасыз қаңғумен жүрді. Гарднер брокерлік фирманың тәлімгері болып жүрген, оның жалақасы пәтер жалдауға да жетпейтіндей өте аз болды.
Сүйіктісімен ренжісіп қалғаннан кейін ол баласы екеуі көшеде қалып, табылған жерге түнеп жүрді.
Темір жол бекетінің дәретханасынан басқа, олар саябақта, шіркеу үйінде немесе жұмысшылардың бәрі үйлеріне тарап кеткен кезде кабинетіндегі үстелдің астында қонып шығатын. Олар баспанасыз қалғандарға арналған қайырымдылық асханасында тамақтанды. Ал әкесінің бар тапқан-таянғаны кішкентай Кристің балабақшасының ақысын төлеуге кететін. Өйтпеген жағдайда Крис Гарднер жұмыс істей алмайтын еді.
Осындай қиындықтарға қарамастан, Крис жұмысын өте керемет істеді. Оның акциялар мен облигацияларды табысты сата алатын табиғи дарыны болды. Сондықтан, Dean Witter Reynolds (DWR) фирмасындағы сынақ уақыты аяқталған соң, оған тұрақты жұмыс ұсынды. Тек содан кейін ғана ол ұлы екеуіне пәтер жалдап тұра бастап, тасы өрге домалады. 1987-жылы өзінің жеке Gardner Rich деген инвестициялық фирмасын ашты.
Голливуд
Бүгінде 62-жасар Гарднердің табысы 60 миллион доллар деп бағаланған. Ол адамдарға шабыт беретін сөздерімен әлемді аралап, баспанасыздарға көмектесіп, әйелдердің зорлық-зомбылығына қарсы күресетін бірнеше қайырымдылық ұйымдарына қолдау көрсетеді.
Гарднер өзінің қиын балалық шағы туралы, DWR фирмасына келмес бұрын түрмеге жатып шыққаны туралы жазылған өмірбаян кітабын шығарған кезде, Голливуд агенттері оған фильм түсіру туралы бірден ұсыныс айтты. Ал «Бақыт іздеу жолында» атты кітабы бірден бестселлерге айналды.
Филмнен үзінді.
2006-жылы дәл осы атаумен жаңа фильм шықты. Крис Гарднердің рөлін сомдаған Уилл Смит ең үздік ер адам рөлі үшін «Оскарды» иеленді.
Өз өмірі туралы сыр шерте отырып Гарднер «ешнәрсені өзгертпес» едім дейді. «Бала кезімде мен өз балаларым қиындық көрмес үшін қиналдым. Бес жасымда менің балаларым әкелерінің кім екенін білетін болады деп өз-өзіме уәде бергенмін. Ал өмірімнің қалған бөлігі өзім қалағандай болды. Өйткені мен бәрін дұрыс жасадым», - дейді Гарднер.
Шабыт берген анасы
Болашақ миллионер Висконсиндегі Милоуки қаласында дүниеге келді. Ол өзінің туған әкесі туралы ешнәрсе білмеді. Анасы Бетти Джинмен және үнемі арақ ішіп, оны мазақ ететін өгей әкесімен бірге жоқшылықта өмір сүрді. Күйеуінен азап көрген анасы оны абайсызда өлтіріп алып, жазасын өтегенше ол біраз уақыт асыранды бала болды. Осындай қиын балалық шағына қарамастан Гарднер анасының өзін үнемі шабыттандыратынын айтудан жалыққан емес.
«Менің анам күн сайын «Ұлым, сен қалаған мақсатыңа қол жеткізіп, өзің қалағандай адам бола аласың» деп қайталай беретін, қарапайым аналардың бірі болатын. Ал мен оған сендім. Оған 100% көзім жетті» - дейді Гарднер.
Бақытты сәт
Әрине, Гарднер табысқа бірден қол жеткізген жоқ. Орта мектепті аяқтағаннан кейін ол АҚШ әскери-теңіз күштерінің қатарында әскерде болды.1974-жылы әскери міндетін үздік аяқтаған Гарднер Сан-Францискоға келіп, онда медициналық жабдықтарды сата бастады. Бір күні бір кісі қызыл Феррариін оның көлігінің жанына қояды. Жас жігіт одан қалай ақша табатынын сұрамақ болды. Міне, осы сәттен бастап оның өмірі күрт өзгеріп сала берді. Ол Боб Бриджес есімді биржалық брокер болып шықты. Біраз әңгімелескеннен кейін, Гарднер оған өзін осы кәсіпте сынап көргісі келетінін айтты.
Олар тағы да кездесетін болып келісті. Дәл осы Бриджес Гарднердің DWR компаниясына жұмысқа келуіне мұрындық болды.
Әңгімелесуден бірнеше күн бұрын Кристі көлігін дұрыс қоймағандықтан салынған айыппұлды төлемегені үшін тұтқындап кеткен болатын. Бірақ ол бәрібір әңгімелесуге келді. Тек, үстінде тұтқындалған кездегі көне крассовкиі мен желеткесі болған еді.
Сыртқы түріне қарамастан ол жұмысқа қабылдаушыларды өзінің алғырлығымен, ынтасымен баурап алды да, оны тәлімгерлікке бірден қабылдады.
Өмірді қайта бағалау
Крис Гарднер ұлымен.
2012 жылы – фильм шыққаннан кейін алты жылдан соң Гарднердің өмірі тағы да түбегейлі өзгерді. Оның 55-жасар жары қатерлі ісіктен көз жұмды. Бұл оқиға оған уақытын қалай пайдаланып жүргені туралы ой салды. Қаржы саласындағы табысты отыз жылдан кейін ол өзінің мансап жолын түбегейлі өзгертуге шешім қабылдады.
«Соңғы рет әйеліммен сөйлесіп отырғанымда, ол менен: «Өмірдің қандай қысқа екенін білгеннен кейін, қалған күндеріңді қалай өткізбекшісің?» деп сұраған. Мұндай әңгімеден кейін бәрі өзгереді. Мен қазір бәріне қайталап айтамын, егер адам жүрегінің түкпірінде жатқан ойларын жүзеге асырмаса, онда күн сайын өз-өзімен ымыраға келе алмай жүреді.
Ол енді өзінің инвестициялық банкир болып жұмыс істегісі келмейтінін түсініп, мотивациялық ділмарлық пен жазушылықты қолға алды.
Қазір ол жылдың 200 күні әлемді аралап, елуден аса елдегі тыңдармандарының алдында сөз сөйлейді.
Гарднер өз тәжірибесі адамдардың барлығы – өскен ортасының жемісі деген теорияны жоққа шығаратынына сенімді.
«Мұндай теория бойынша мен маскүнем, сауатсыз, әйелін, бала-шағасын ұратын жолы болмайтын еркек болуым керек еді», - деп есептейді ол.
Бірақ Гарднер өзінің дұрыс шешім қабылдағанына сенімді. Бұл үшін ол анасының махаббаты мен басқа адамдардың қолдауына қарыздармын деп үнемі айтып жүреді.
«Мен анамның және ешқандай туыстық байланысы жоқ адамдардың бойынан нұрды көрдім. Ол нұрды көріп қана қоймай, жаныма жақын тартып қабылдадым», - дейді миллионер.