пресс-служба "Казахмыс
- 31 мар. 2026 12:30
- 31
"Қазақмыс" 2028 жылға дейінгі өнеркәсіптік қауіпсіздік стратегиясын бекітті
"Қазақмыс" корпорациясы 2026-2028 жылдарға арналған өнеркәсіптік қауіпсіздікті трансформациялау стратегиясын бекітті. Мақсаты – жарақаттануды азайту, тәуекелдерді бақылауды күшейту және өліммен аяқталатын жағдайларды нөлге теңеу. Бұл туралы корпорацияның баспасөз қызметі хабарлады.
"Қазақмыс" компаниялар тобында өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелеріне арналған стратегиялық сессия өтті. Отырысты "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі өткізді.
Кездесуді аша отырып, ол өндірістік міндеттерді тек қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаған жағдайда ғана орындауға болатынын атап өтті.
"Өнеркәсіптік қауіпсіздік – біздің бірінші кезектегі басымдылығымыз. Өндірістік жоспарлар тек қауіпсіздік талаптарын сөзсіз сақтаған кезде ғана орындалады. Біз басқарушылық тәртіпті күшейтіп, бірыңғай басқару контурын құрамыз. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қатысты мәселелерде ешқандай ымыраға жол берілмейді", - деді Руслан Өскенәлі.
Талқылауға басқарма мүшелері, өндірістік бөлімшелердің басшылары, техникалық мамандар, сондай-ақ халықаралық "JMJ Associates" компаниясының кеңесшілері қатысты. Стратегияны еңбекті қорғау блогы Жанбек Есмахановтың басшылығымен дайындады. Негізге жұмыс жүйесінің кешенді бағалауы, соның ішінде ішкі аудит және тәуелсіз халықаралық зерттеу алынды.
Талдау қорытындысы бойынша басқарушылық тәртіпті күшейтуге және барлық деңгейдегі жауапкершілікті арттыруға бағытталған негізгі бағыттар айқындалды.
Компания ақпараты бойынша, бекітілген стратегия 2026-2028 жылдарға арналған. Құжат өндірістік тәуекелдердің себептерімен жүйелі жұмыс істеуге және барлық деңгейдегі қауіпсіздік мәдениетін дамытуға көшуді көздейді. Стратегия нөлдік жарақаттану қағидатына негізделген және тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру мен қауіпсіздік саласындағы көшбасшылықты дамытуды қамтиды.
Компанияда шешімдердің орындалуын бақылайтын өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі орталық комитет құрылады. Отырыстар тоқсанына кем дегенде бір рет, ал жергілікті жерлерде ай сайын өткізу жоспарлануда.
2026 жыл – Қауіпсіздік жылы деп жарияланды. Басқару жүйесін, аналитиканы дамытуға және алдын ала көрсеткіштерді енгізуге баса назар аударылатыны атап өтілді.
Сондай-ақ, тәуекелдерді бақылаудың бірыңғай стандарттары, басшылардың рөлін күшейту, қауіпсіздік талаптарын бизнес-процестерге интеграциялау және жабдықтарды жаңарту қарастырылған.
Негізгі мақсат – инциденттерге жауап беруден оларды алдын алуға көшу, жарақаттануды азайту және өлім-жітімді нөлге жеткізу.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.