f.azh.kz
- 11 мая 2026 20:30
- 29
Қазақстан мен Ресей шекарасында жаңа өткізу бекеті ашылады
Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарада, Ақтөбе облысы мен Ресейдің Орынбор облысы арасындағы «Әлімбет» бақылау-өткізу пунктінде ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта нысан штаттық режимде жұмыс істеп тұр, көлік қозғалысы уақытша өткізу пункті арқылы ұйымдастырылған.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңғырту аясында әкімшілік ғимарат, инспекциялық-тексеру кешендері, тереңдетілген бақылау ангары және қызметтік иттерге арналған арнайы питомник салынуда. Бүгінгі таңда жұмыстардың негізгі бөлігі орындалып, су құбырының құрылысы да аяқталуға жақын.
Мердігерлердің айтуынша, қажетті металл конструкциялары Ақтөбедегі зауытта дайындалып, құрылыс алаңына кезең-кезеңімен жеткізілуде. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Жаңғырту жұмыстарының барысы
Облыстық «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалы директорының орынбасары Құрманғазы Исмайловтың хабарлауынша, пункт аумағындағы ескі ғимараттар толықтай бұзылған. Жаңғырту басталғаннан бері 151 мың шаршы метр аумақта жер жұмыстары атқарылған.
Жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Жаңартылған өткізу пункті іске қосылғаннан кейін шекарадағы өткізу қабілетін арттырып, бақылау тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді деп күтілуде.