Последнее обновление

(Время обновление 1 час назад)
Қазақстан мен Украина бірлесіп, халықаралық алаяқтар тобын құрықтады

Қазақстан мен Украинаның ішкі істер министрліктері бірлесіп, ауқымды операция жүргізіп, азаматтарды алдап келген алаяқтар колл-орталығының желісін жойды. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап, Tengrinews.kz хабарлады.

Бұл операция нәтижесінде Қазақстан мен Украинаның Бас прокуратураларымен бірлесе отырып, Украина аумағында алаяқтық колл-орталықтарын басқарған трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді.

31 наурызда Днепр қаласында Қазақстан, Украина және Еуропа Одағы елдері азаматтарына жүйелі түрде интернет-алаяқтық жасап келген үш колл-орталықтың жұмысы тоқтатылды. Қазақстан Ішкі істер министрлігінің уақтылы әрекеті арқасында азаматтардың ауыр зардап шегуі мен қаржылық шығындарының алдын алу мүмкін болды.

Қылмыстық топ жүздеген адамның ақшасы мен цифрлық активтерін жымқырған. Олар жалған инвестициялық компаниялардың атынан әрекет етіп, адамдарды алдап, олардың құпия деректеріне, жеке кабинеттері мен банк шоттарына қол жеткізіп, ақшаларын иемденген. Сонымен қатар, криптовалюта активтеріне қатысты жалған инвестициялар мен «романтикалық схемалар» арқылы жасалған алаяқтық деректері де анықталды.

Алаяқтардың әрекеті

Қылмыскерлер белгілі инвестициялық платформалар мен криптобиржаларға ұқсас фишингтік интернет-ресурстарын пайдаланған. Бұл оларға жәбірленушілердің активтерін толық бақылауға алуға мүмкіндік берген.

Операция нәтижесі

Днепр қаласында 40 мекенжайда бір мезгілде тінту жүргізілді. Украинаның 53 азаматы ұсталды, оның ішінде сегіз негізгі фигурант айып тағылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалған қатысушылар заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады. Алдын ала мәліметтер бойынша, тінту кезінде 100 мың доллар, 90 бірлік компьютер техникасы, 125 смартфон, 6 элиталық автокөлік және атыс қаруына ұқсас зат тәркіленді. Тергеу әлі жалғасуда.

Украина әріптестерімен белсенді өзара іс-қимыл арқасында қылмыстық әрекеттердің барлық эпизодтарын анықтауға, қосымша ортақтарды табуға және азаматтарға келтірілген жалпы залалды анықтауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі халықаралық киберқылмыспен күресудегі табандылығын атап өтті. Азаматтардың сеніміне кіріп, ақша табуға тырысқан кез келген қылмыскер әрекеттері уақтылы анықталып, қатаң түрде жойылатын болады.

Новости

Реклама