Последнее обновление

(Время обновление 1 час назад)
Қазақстан шетелдіктердің елге кіру, виза алу және құжат рәсімдеу тәртібін жеңілдетті

Енді Қазақстанға инвесторлар, бизнес өкілдері және сұранысқа ие мамандық иелері сияқты белгілі бір санаттағы шетел азаматтары үшін елге кіру, виза алу және басқа да қажетті құжаттарды рәсімдеу оңайлай түсті. Бұл өзгерістер шетелдіктердің елге келуін ынталандырып, экономикалық дамуға серпін беруді көздейді.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Инвесторлар мен кәсіпкерлерге жеңілдіктер

Инвесторлар мен кәсіпкерлер енді арнайы визалық режимдерді, өтініштерді қараудың жеделдетілген рәсімдерін және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тетіктерін пайдалана алады. Бұл шаралар шетелдік инвестицияларды тартуға және бизнес ахуалды жақсартуға бағытталған.

Сұранысқа ие мамандарға жағдай жасау

Қазақстанға еңбек ету үшін келетін, сұранысқа ие мамандықтар бойынша біліктілігі бар шетел азаматтарына да қолайлы жағдайлар жасалды. Бұл тізімге ІТ саласындағы мамандар (жасанды интеллект инженері, ақпараттық жүйелер архитекторі, қосымшалар әзірлеушісі, ақпаратты қорғау инженері), денсаулық сақтау саласының мамандары (нейрохирург, гематолог, онколог, сәулелік диагностика дәрігері), креативті индустрия мамандары (графикалық дизайнер, дыбыс операторы, графикалық анимация техникі), сондай-ақ ғылым, инженерлік және өңдеу салаларындағы мамандар кіреді.

ЕАЭО елдері азаматтарына еркін еңбек ету құқығы

Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің (Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей) азаматтары үшін Қазақстанда жұмыс істеу оңайлатылды. Олар рұқсат алуды қажет етпей, еркін еңбек ету құқығына ие болады. Бұл еңбек ресурстарының жоғары деңгейдегі ұтқырлығын қамтамасыз етіп, экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

Квоталау жүйесі және көші-қон саясаты

ЕАЭО-ға кірмейтін елдердің азаматтары үшін жұмыс күшін тартудың квоталауға негізделген жүйесі жұмыс істейді. Бұл экономика мүдделері мен ішкі нарықты қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Қазақстан осылайша озық, салмақты және ашық көші-қон саясатын жүргізуде.

Тұрақты тұруға рұқсат алудың жаңартылған тетігі

Елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және Қазақстанмен болашағын байланыстырғысы келетін, яғни азаматтық алғысы келетін шетел азаматтарын қабылдау сапасын арттыруға бағытталған көші-қон саясаты үнемі жетілдіріліп отырады. Осыған байланысты, тұрақты тұруға рұқсат алудың жаңартылған тетігі енгізілуде. Ол заманауи цифрлық тәсілдер мен ашықтық қағидаттарына негізделген. Жаңа тәртіп бойынша кандидаттарды кезең-кезеңімен бағалау қарастырылған. Оған мемлекеттік тілді білу деңгейін тексеру, анкеталық деректерді талдау, цифрлық скоринг, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдардың тексерулері және қорытынды сұхбат кіреді.

Новости

Реклама