Последнее обновление

(Время обновление 0 минуты назад)
Қазақстанда ескі 10 000 теңге банкноттарының айналым мерзімі ұзартылады

Қазақстанда ескі үлгідегі 10 000 теңгелік банкноттардың айналым мерзімі тағы бір жылға ұзартылуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов журналистердің сұрақтарына жауап бергенде айтты.

Оның айтуынша, бұл шешім екінші деңгейлі банктердің өтініші бойынша қарастырылып жатыр.

«Иә, біз мерзімін тағы бір жылға ұзартуды жоспарлап отырмыз. Оларға сұраныс жоғары, және Қаржыгерлер қауымдастығы – яғни екінші деңгейлі банктер – бізге тағы бір жылға мерзімін ұзартуды сұрап жүгінді. Бұл қалыпты жағдай», - деді Сүлейменов.

Бұған дейін ескі 10 000 теңгеліктердің айналым мерзімі 2026 жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарланған болатын. Енді оны 2027 жылдың маусымына дейін ұзарту көзделуде.

Параллельді айналым аяқталғаннан кейін не болады?

Белгіленген мерзімдер аяқталғаннан кейін де екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» АҚ ескі үлгідегі банкноттарды жаңаларына үш жыл бойы айырбастап отырады. Ұлттық банктің филиалдары мұндай айырбасты мерзімсіз жүзеге асырады.

Параллельді айналым кезінде ескі және жаңа үлгідегі банкноттардың Қазақстан аумағындағы барлық түрдегі төлемдер, аударымдар және банк шоттарына есепке жатқызу үшін заңды төлем құралы болып табылатыны және міндетті түрде қабылданатыны атап өтілді.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың 25 желтоқсанында Ұлттық банк жаңа дизайндағы 500 теңгелік банкноттың айналымға шығарылғаны туралы хабарлаған болатын. Алайда, бұл банкноттар 2026 жылдың екінші тоқсанында жаппай айналымға енгізіледі, себебі оларды елдің барлық өңірлеріне жеткізу және жабдықтарды (банкоматтар, терминалдар және басқа касса техникалары) бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет.

Новости

Реклама