Последнее обновление

(Время обновление 1 час назад)
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу емтиханына шектеусіз тапсыруға болады

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу емтихандарын тапсыру тәртібі өзгереді. Бұл шаралар процестің ашықтығын арттыруға, коррупциялық тәуекелдерді азайтуға және азаматтар үшін жағдайды жеңілдетуге бағытталған.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Вице-премьер-министр, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиевтің төрағалығымен өткен отырыста Ішкі істер министрлігімен бірлесіп бірқатар жаңалықтар қаралды.

Шектеусіз емтихан тапсыру

Енді емтиханға ақылы негізде шектеусіз рет тапсыруға болады. Бірақ әр тапсыру арасында кемінде 10 күндік үзіліс болуы тиіс. Бұл жаңалық емтиханды қолжетімді етіп, артық шектеулерді алып тастап, коррупциялық жағдайларды азайтуға көмектеседі деп жоспарлануда.

Қазіргі уақытта азаматтарға үш рет тегін мүмкіндік беріледі: екеуі бір күн аралықпен, үшіншісі 30 күннен кейін. Одан кейін қайта оқу қажет болады, бұл кейде заңсыз жолдарға итермелеуі мүмкін еді.

Инновациялық технологиялар енгізіледі

Сонымен қатар, Астанадағы Ұлттық тестілеу орталығы филиалының базасында пилоттық жоба іске қосылады. Онда теориялық емтихан кезінде академиялық адалдықты қамтамасыз ету технологиялары сынақтан өтеді. Болашақта бұл технологиялар бүкіл жүйеге таратылады.

Бұдан бөлек, мамандар тесттердің тиімділігін зерттейді. Олар көлік жүргізуге қажетті білім мен дағдыларды бағалауда қаншалықты жақсы екенін анықтайды.

Жүргізуші куәлігін алу процесін жаңғырту үшін жасанды интеллект технологиялары да қолданылмақ. Теориялық емтихандарда толықтырылған шындық (AR) және практикалық бөлікті бақылау үшін компьютерлік көру (Computer Vision) технологиялары пайдаланылады.

Қауіпсіздік және жауапкершілік

Жаңа шаралар цифрлық шешімдердің ақпараттық қауіпсіздігін күшейтуді қамтиды. Олар маңызды ақпараттандыру нысандарының тізіміне енгізіліп, бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін тартылу мүмкіндігі артады.

Сондай-ақ, әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Бұл емтихан тапсыратындарға да, заңсыз жолмен құжат алғысы келетіндерге де қатысты болады. Атап айтқанда, тыйым салынған құрылғыларды пайдаланғаны үшін бір жылға дейін емтихан тапсыру құқығынан айырылуы мүмкін.

Автомектептерге қойылатын талаптар

Бұдан басқа, автомектептерге қойылатын талаптар қатаңдайды. Олардың қызметін бағалауда жүргізушілерді даярлау сапасы мен азаматтардың пікірлері ескеріледі. Болашақта лицензиялау енгізіліп, сапасыз даярлық үшін лицензиядан айыру қарастырылуы мүмкін.

Үкімет бұл шаралардың жүргізуші куәлігін алу кезіндегі жасанды кедергілерді жоюға, процедураның ашықтығын арттыруға және коррупцияны азайтуға бағытталғанын атап өтті.

Новости

Реклама