Photo: Ayazhan (https://www.pexels.com/@ayazhan-3173683) / Pexels
- 14 апр. 2026 11:00
- 31
"Алтын торға қамалған құстаймын": Мәдина Ералиеваның күнделігінен естелік жазба жарияланды
Желіде марқұм әнші Мәдина Ералиеваның жеке күнделігінен үзінді жарияланды. Бұл жазбаны Әсет Ақмолда есімді желі қолданушы өзінің парақшасында бөліскен.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлы мен бауырына алаңдау
Жазбада қазақтың бұлбұлы атанған Мәдина Ералиева жалғыз ұлы мен сіңлісіне деген қамқорлығын жасырмай жазған. Ұлы Арсеннің әкесі, белгілі театр режиссері Болат Атабаев екеуінің арасындағы алшақтық пен одан кейінгі өмірі туралы да естеліктер қамтылған.
«Көбінесе, концерттік сапарда жүрдім. Сол кезде көп уайымдаушы едім «менің баламды бағам деп сіңлім жалғыз қалса, обалына қаламын-ау» деп... Құдайға шүкір, қазір отбасылы», - деп жазды әнші.
Білім мен тәрбиеге басымдық
Әнші ұлының шетелде емес, Қазақстанда білім алуын қалағанын айтады. Оның үстіне, Арсен грант негізінде университетте оқуға түскен. Мәдина Ералиева бұл шешімін ақшаға емес, өз біліміне сенуге тәрбиелеу ниетімен түсіндіреді.
«Баласын шетелге оқытуды мақтан тұтатындар көп, менің де сондай мүмкіндігім болды. Бірақ, қорықтым. Біріншіден, ол жақтың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы басқа. Балам жатбауыр болып кетуі мүмкін. Екіншіден, біздің өзімізде де мықты білім алып шығуға болады», - деп жазған ол.
Өмірдегі қиындықтар мен жалған аңыздар
Мәдина Ералиева өзінің өміріндегі кейбір жалған аңыздарға да тоқталған. Мысалы, Мұстафа Өзтүрік сыйлаған «Мерседес» көлігі туралы сөздерді жоққа шығарған. Ол Мұстафа Өзтүрікпен жақсы сыйлас болғанымен, ешқандай ірі сыйлық алмағанын атап өтті.
Әнші соңғы кездері өзі мен ұлының денсаулығына алаңдап жүргенін де жасырмаған. «Сырт көздің сұғы жаман деуші еді... Өзімді қойшы, ұлымның денсаулығына қатты алаңдаймын!», - деп жазды ол.
«Алтын торға қамалған құстаймын»
Кейде өмірдің қиындықтарынан шаршап, жалғыздықты сезінгенін де жасырмайды. Мұндай сәттерде табиғат аясына кетіп, ән салып, көңілін сергітіп қайтатынын айтады.
«Мен өзімді алтын торға қамалған құстай сезінетін сәттерім де бар. Сондай сәтте машинаға отырып алып тауға, табиғат аясына кетемін. Тау ішін күңірентіп ән саламын айқайлап. Аласұрған көңілім өз арнасына қайта түскендей болады», - деп жазған марқұм әнші.
Желі қолданушылары бұл жазбадан кейін әншінің терең сезімдеріне тәнті болып, оған алғыстарын білдірген.
Еске сала кетейік, танымал әнші Мәдина Ералиева 2000 жылдың 27 қарашасында жол апатынан қайтыс болған еді.