instagram.com/testcenterkz
- 17 апр. 2026 19:30
- 31
Қазақстанда ҰБТ-ны қайта тапсыруға тыйым салу мүмкін
Қазақстанда бірыңғай ұлттық тестілеуді (ҰБТ) бір рет қана тапсыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы вице-премьер, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ҰБТ-ны бір рет тапсыру
Аида Балаеваның айтуынша, ҰБТ-ны бірнеше рет тапсыру талапкерлерді сапалы іріктеу міндетін толық шешпейді. Сондықтан тестілеуді тұтастай қайта қарап, грант конкурсына қатысу үшін бір реттік, объективті және түпкілікті бағалау жүйесін бекіту қажет.
«Бұл ретте білімді өзіндік бағалау және дайындық әдістерін уақтылы түзету үшін сынақ тестілеулері жүйесі сақталады», - делінген таратылған мәлімдемеде.
Министр ҰБТ-ны трансформациялауды жүйеден бас тарту емес, «таланттарды дәлірек, тереңірек және әділ іріктеуге бағытталған қадам» деп атады.
Бұған дейінгі өзгерістер
Бұған дейін Қазақстанда шетелде мойындалатын және ҰБТ-ға балама болатын жаңа ұлттық тест әзірленіп жатқаны туралы хабарланған болатын. Жобаның құны шамамен 3 миллион долларды құрайды.
2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады: тест 120 сұрақтан тұрады, ең жоғары балл – 140, ал өту уақыты – 4 сағат.
Өзгерістер кезең-кезеңімен, талапкерлерге қосымша салмақ салмай енгізіледі деп күтілуде. Бұл оларға білімдерін ғана емес, оны оқу мен жұмыста қолдануға дайындығын көрсетуге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, 11 сәуірден бастап Қазақстанда ҰБТ-ға қатысуға өтінімдер қабылдау басталды. Емтиханға тіркелу 25 сәуірге дейін жалғасады. Өтінімді Ұлттық тестілеу орталығының сайты app.testcenter.kz немесе UTO мобильді қосымшасы арқылы беруге болады.