Последнее обновление

(Время обновление 3 недели назад)
Қазақстандық ғалым әзірлеген қатерлі ісікке қарсы дәрі 83 миллиард теңгеге бағаланды

Қатерлі ісікке қарсы Sovetonko деп аталатын жаңа препаратты қазақстандық ғалым Қуанышбек Сәрсенбай жасап шығарды. Бұл дәрі халықаралық London Rate бағалау компаниясы тарапынан 160 миллион долларға (шамамен 83 миллиард теңге) бағаланған.

Sovetonko препараты Берн конвенциясымен қорғалған 6 халықаралық патентке ие. Ғалымның айтуынша, дәрінің ғылыми негізін 1975–1980 жылдары оның нағашы атасы — 2024 жылы дүниеден өткен Совет Дінов қалаған. Сол кісінің құрметіне препарат атауы Sovetonko деп қойылған.

Зерттеуге бес жылын арнаған Сәрсенбай 2023 жылы алғашқы зертханалық сынақтардың сәтті өткенін айтады. Препарат лейкемия, асқазан қатерлі ісігі, жатыр мойны обыры, Беркитт лимфомасы сынды ауыр дерттерге қарсы жоғары нәтиже көрсеткен. Кейбір сынақтарда тиімділігі 100 пайызға жеткен.

Алайда ғалым бұл жобаға Қазақстанда мемлекеттік қолдау болмағанын, бастапқыда тек жеке инвесторлардың көмегімен жұмыс істегенін айтты. Қазір дәріні толық сатып алуға бірнеше шетелдік фармацевтикалық компания қызығушылық танытуда. Ал отандық тараптардан әзірге нақты қолдау не ұсыныс жоқ.

Қуанышбек Сәрсенбай бұл ғылыми жетістік Қазақстан медицинасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін айтып отыр. Алайда ғылым мен инновацияға салқын көзқарас мұндай жобалардың шетелге кету қаупін күшейтіп тұр.

You Might Also Like

Новости

Реклама