
- 24 июн. 2025 20:07
- 27
Теміртауда күшікті өлтірмек болған қарияға қылмыстық іс қозғалды
Теміртауда 68 жастағы қарияның күшікті азаптап жатқан сәті әлеуметтік желіге тарап, көпшіліктің ашуын туғызды. Оқиға 68-шағын ауданда болған. Жергілікті тұрғын қарияның әрекетін видеоға түсіріп, полицияға хабар берген.
Куәгердің айтуынша, ер адамның қолында пышақ болған, ол өз әрекетін еш түсіндірместен, «мұны өлтіру керек» деп қайталай берген. Бұған дейін де сол маңда бірнеше мысық пен күшік жоғалып кеткені белгілі болды. Көршілер бұл оқиғаларға сол адамды күдікті деп санап келген.
Қазір аталған дерек бойынша полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы ("Жануарларға қатыгездік жасау") бойынша іс қозғады. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Жануарларды қорғау ұйымдары бұл жағдайды қатаң айыптап, кінәлі адам жауапқа тартылуы тиіс екенін айтып отыр. Қоғам белсенділері жануарларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдату қажеттігін тағы бір рет көтерді.