Последнее обновление

(Время обновление 1 час назад)
Қазақстандық компаниялар Балқаш АЭС құрылысына тартылмақ

Қазақстанның Атом энергиясы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәттіқалиев пен Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев Мәскеуде кездесті. Кездесуде екі елдің атом саласындағы өзара іс-қимылының кең ауқымы, соның ішінде Қазақстандағы Балқаш АЭС құрылысы жобасын іске асыру мәселелері қаралды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

АЭС құрылысына қазақстандық компанияларды тарту

Кездесуде атом саласы үшін кадр даярлау, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ өндірісті жерсіндіру және қазақстандық кәсіпорындардың атом жобаларын жүзеге асыруға қатысуы мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Біз осы станцияны салу кезінде жерсіндіру және қазақстандық компанияларды тарту мәселелерін, кадр даярлауды, сондай-ақ елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық сипатына толық сәйкес келетін базалық тәсілдерді әзірлеуді талқыладық. Барлық позициялар бойынша ортақ түсіністікке қол жеткізгеніміз қуантады», - деді Алмасадам Сәттіқалиев.

Жобаны іске асырудың маңыздылығы

«Росатом» бас директоры Балқаш АЭС жобасын кешенді дайындаудың маңыздылығын атап өтті. Оның ішінде алаңды инженерлік және табиғи-климаттық зерттеулер жүргізу қажеттілігін айтты.

«Бізге алаңды бақылау үшін кем дегенде бір жыл қажет. Осыдан кейін барлық қажетті есептерді қалыптастырып, жобаны нақты жердің табиғи, геологиялық және ауа райы жағдайларына сәйкес жүзеге асырамыз», - деді Алексей Лихачев.

Оның айтуынша, Балқаш АЭС жобасы ресейлік атом энергетикасы технологияларына негізделіп, алаңның жергілікті ерекшеліктері ескеріле отырып әзірленетін болады.

Тараптар бейбіт мақсаттағы атом энергиясі саласында конструктивті диалогты жалғастыруға және ынтымақтастықты одан әрі дамытуға деген қызығушылықтарын растады.

Новости

Реклама