
- 16 июн. 2025 05:48
- 29
Қазақстандық туристер Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Дубайдан шұғыл эвакуацияланды
Қазақстандық туристер Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Дубайдан шұғыл эвакуацияланды,деп жазады Инфохаб тілшісі.
Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты қазақстандық туристер Дубайдан арнайы рейстермен елге жеткізілді. FlyDubai әуе компаниясының екі ұшағы 15 маусым күні Алматыға аман-есен қонды.
Алғашқы рейс түнгі 02:45-те, екіншісі таңғы 06:19-да Алматы халықаралық әуежайына келіп жетті. Екі рейс арқылы жалпы саны 332 қазақстандық азамат эвакуацияланды. Олардың арасында 13 маусымда ұша алмай қалған жолаушылар да болды.
Айта кетейік, Таяу Шығыстағы шиеленіс күшейгеннен кейін бірқатар халықаралық әуе компаниясы Дубай мен Абу-Дабиден ұшатын рейстерін уақытша тоқтатқан еді. Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті 13 маусымнан бастап Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан аумақтары мен әуе кеңістігі арқылы ұшуға ресми түрде тыйым салған болатын.
FlyDubai компаниясының ұшақтары аталған қауіпті аймақтарды айналып өтіп, жоспарлы және кешіктірілген рейстермен барлық жолаушыларды аман-есен жеткізді.