- 24 янв. 2018 00:00
- 309
Қызыл иектің қабынуы
Тісіңізді тазалау кезінде қызыл иегіңізге назар аударып қойғаныңыз жөн. Инон университетіндегі түрік ғалымдары қызылиек ауруының белсіздікке себепші болатынын ескертеді.
Ғалымдар екі топтың қатысуымен салыстырмалы зерттеу жүргізді. Бақылаудағы бірінші топқа жыныстық қызметінде ешқандай ақауы жоқ 82 адам, екінші топқа белсіздікке ұшыраған 80 адам іріктелді. Сынаққа ерікті қатысушылардың орташа жасы – 36.
Іріктеудің келесі кезеңінде ғалымдар еріктілер тізімінен әртүрлі сырқаттарға шалдыққан адамдарды, сондай-ақ темекі шегетіндерді алып тастады, өйткені темекі шегу де белсіздікке алып баратын факторлардың бірі.
Зерттеу барысында жыныстық қуаты нашарлаған ерлердің 53 пайызында тіс маңы тінінің қабынғаны (созылмалы периодонтит) анықталды. Бақылау тобында бұл көрсеткіш 23 пайызды құрады.
Ғалымдар дене салмағының индексі, білім және табыс деңгейі сияқты бірқатар факторларды ескере отырып, созылмалы периодонтитке шалдыққан ерлердің, қызыл иегі сау ерлерге карағанда белсіздікке 3,29 есе жиі ұшырайтындығын анықтады.
«Зерттеу нәтижелері созылмалы периодонтит ауруларының туындауына жүйелі қантамыр сырқаттары себепші болса, олар өз кезегінде белсіздікке алып келеді»- дейді доктор Фаит Огуз. Сонымен, зерттеушілер тіс дәрігеріне қарануды белсіздіктен емделудің бір сатысы деп есептейді.