Tengrinews.kz
- 03 апр. 2026 13:00
- 26
Қостанайдағы құрылыс компаниясының басшысы алаяқтық үшін шартты мерзімге сотталды
Қостанай қаласындағы №2 сотында алаяқтық ісі бойынша резонансты сот отырысы өтті. Сотта «Семья» тұрғын үй кешенінде үшінші үйді салуға рұқсатсыз, азаматтардың ақшасын тартқан «Bolashak Construction Company KZ» ЖШС директоры жауапқа тартылды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу нұсқасы бойынша, құрылыс компаниясының басшысы 28 адам мен бір кәсіпкерді алдап, 162 миллион теңгеден астам қаражатты иеленген. Азаматтар болашақ баспаналарына ақша салғанымен, үйлеріне қоныстана алмаған.
Алаяқтық әрекеті
Сотқа дейінгі тергеу барысында анықталғандай, күдікті 2022 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта «Семья» тұрғын үй кешенінде үлестік құрылысқа қатысу желеуімен азаматтардан ақша жинаған. Алайда, ол тиісті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген.
Азаматтармен пәтерлер мен коммерциялық үй-жайларды сатудың алдын ала шарттары жасалған. Жобаның заңдылығына сендіру үшін күдікті әлеуметтік желілерде жарнамалық науқан жүргізіп, Қостанай қаласында кеңсе де жалға алған.
Сот үкімі
Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы («Алаяқтық, яғни алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы жасалған бөтен мүлікті ұрлау») бойынша айыпталған азаматқа сот 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда, Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай қабылданған амнистияға байланысты жаза мерзімі қысқартылды.
«Қорытынды жаза ретінде 5 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру тағайындалсын. Сонымен қатар, құрылыс саласында қызмет көрсететін коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметтерді атқару құқығынан 5 жылға айырылсын. Тағайындалған жаза шартты болып есептелсін. Тағайындалған мерзім бойы бақылауда болады», — деп сот үкімін оқыды.
Сот шешімі бойынша, келтірілген шығын сотқа дейінгі тергеу кезінде өтелгені атап өтілді.