Последнее обновление

(Время обновление 7 минут назад)
Ресей Қазақстандағы ЖЭО құрылысынан шығып қалды: Жобалар басқа елге берілді

Ресей Қазақстандағы үш жылу электр орталығының (ЖЭО) құрылысына қатыспайды. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жобаларды қазақстандық-сингапурлық консорциум жүзеге асырады.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Семей мен Өскемендегі ЖЭО жобалары

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, Семей мен Өскемендегі ЖЭО жобалары бойынша 2026 жылдың басында EPC-келісімшарттар жасалған. Жақын айларда мердігер жұмыстың белсенді кезеңін бастайды. Мамыр айында негізгі жабдықтарға тапсырыс беру жоспарланып отыр, сонымен қатар инженерлік іздестіру жұмыстары мен алаңдарды дайындау басталады.

Негізгі жабдықтарды жеткізу 2027 жылдың үшінші тоқсанынан күтіледі, ал станцияларды пайдалануға беру 2029 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.

Көкшетаудағы ЖЭО жағдайы

Көкшетаудағы жоба дайындық және ішінара құрылыс кезеңінде. «Самұрық-Энерго» мәліметінше, коммуникациялар жүргізіліп, кірме жолдар салынған. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. 2026 жылы әкімшілік ғимарат құрылысын бастау көзделген.

Сонымен қатар, станцияның жылу қуатын 520-дан 820 гигакалорийге дейін арттыру туралы шешім қабылданды. Бұл туралы мердігермен жасалған келісімшартқа тиісті өзгерістер енгізілді. Көкшетаудағы ЖЭО-ны 2029 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.

Кімдер құрылыспен айналысады?

Есімхановтың нақтылауынша, мердігер ретінде қазақстандық-сингапурлық консорциум әрекет етеді. Жобаларда қытайлық шешімдерді қоса алғанда, заманауи технологиялар қолданылады.

«Менің ойымша, «Самұрық-Энерго» компаниясының әріптестері кез келген компанияны ала салмайды. Бұл тәжірибесі бар және технологияларға қолжетімділігі бар мердігерлер. Мұндай жобалар үшін жеке жауапкершілік бар», - деді ол үкіметтегі брифингте.

Үш станцияда да «таза көмір» технологияларын және жасанды интеллект элементтерін енгізу жоспарланған.

Кейінірек, энергетика вице-министрі Сұңғат Есимханов жобаларға ресейлік қатысудың толық тоқтатылғанын растады. Оның айтуынша, келісімшарттар жасалған.

«Үш ЖЭО бойынша EPC-келісімшарттар жасалды, ресейлік мердігерлер жоқ. Қазақстандық мердігерлер құрылыспен айналысады», - деді ол.

Есимханов жобалардың шамамен құнын да жариялады. Атап айтқанда, Көкшетаудағы ЖЭО құрылысы шамамен 350 миллиард теңгеге бағаланса, Семей мен Өскемендегі станциялар әрқайсысы 400 миллиард теңгеге жуық шығынға шығады. Бұл олардың үлкен қуатымен байланысты.

Ол жобалардың бюджет қаражатын тікелей тартпай жүзеге асырылатынын атап өтті.

«Бағдарлама бойынша бюджет қаражаты жоқ. Компаниялар өздері қаражат тартады, салады, ал біз пайдалануға бергеннен кейін төлей бастаймыз, сонда олар несиелерін қайтара алады», - деп түсіндірді вице-министр.

Новости

Реклама