соцсети
- 21 мая 2026 23:01
- 31
Ресейлік миллиардер жол апатынан көз жұмды
Ресейлік миллиардер Михаил Смирнов Ленинград облысының Приозерск ауданында болған жол апатынан қайтыс болды. Бұл туралы РБК-ға Балтық отын компаниясы (БОК) хабарлады. Бұл компанияда Смирнов директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Апаттың мән-жайы
Жол апаты 20 мамырда Пески – Сосново – Подгорье автожолының 49-шы шақырымында болды. Полиция жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру жүргізіп жатыр.
«Triumph мотоциклін басқарған 1972 жылы туған азамат рульге ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып кеткен. Сол жерде Haval көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан мотоцикл жүргізушісі жедел жәрдем келгенше көз жұмды», - деп хабарлады полиция өкілдері.
Бизнес және байлығы
Михаил Смирновқа 54 жасқа толуға бір ай ғана қалған еді. Ол «Нева Ойл» ЖШС-нің (БОК құрамына кіреді) 50 пайыз үлесінің иесі болған. Бұл компания мұнай өнімдерін экспорттаумен және кемелерді отынмен қамтамасыз етумен айналысады.
«Деловой Петербург» басылымы бұл компанияны кәсіпкердің негізгі активі деп атаған. 2024 жылы журналистер Смирновты Ресей миллиардерлерінің рейтингінде 108-ші орынға қойып, оның байлығын 7,79 миллиард рубль деп бағалаған. Кәсіпкер барлығы 26 компанияға қатысқан.