
- 28 мар. 2025 09:26
- 112
Сенатор: Құмай тазысын шетелге шығаруға тыйым салу қажет
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай қазақтың асыл тұқымды құмай тазысын шетелге экспорттауға тыйым салуды немесе арнайы мемлекеттік рұқсат алу талабын енгізуді ұсынды. Бұл туралы ол Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.
Сенатор құмай тазының қазақ халқы үшін тек аңшылыққа қажет емес, ұлттық мұра екенін атап өтті. Оның пікірінше, асыл тұқымды тазылар шетелге кетпеуі үшін арнайы заңнамалық тетіктер қажет.
Сондай-ақ, депутат Тазы мен Төбет күнін аңшылық маусымға сәйкестендіріп, қарашаның бірінші аптасына ауыстыруды ұсынды. Себебі қазақ даласында аңшылық дәстүрлі түрде қансонарда, яғни алғашқы қар түскеннен кейін басталады.
Бұдан бөлек, жазушы Мұхтар Мағауиннің "Тазының өлімі" шығармасының желісімен толықметражды көркем фильм түсіруді де қарастыру қажет екенін айтты. Бұл фильм қазақ халқының аңшылық дәстүрі мен тазының маңызын кеңінен насихаттауға ықпал етер еді.