Последнее обновление

(Время обновление 2 часа назад)
Шымкентте 18 жастағы студент қыз зорлық көргенін айтты: Іс қозғалды

Шымкентте 18 жастағы студент қыз әлеуметтік желідегі жалған жұмыс жарнамасына алданып, зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтып, полицияға арызданды. Қыздың туыстары бұл іске ұйымдастырушыларды да жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жұмысқа шақырып, зорлық жасаған

Жәбірленушінің айтуынша, ол әлеуметтік желіде жарияланған жалақысы жоғары жұмыс туралы хабарландыруға сеніп, көрсетілген мекенжайға барған. Алайда, бұл жер «боди-массаж» қызметін көрсететін орталық болып шыққан. Ол аноним сұхбатында оқиғаның былтыр жазда болғанын айтып, сол жерден өз еркімен кете алмағанын жеткізді.

Қызды күштеп ішке кіргізіп, шығармай ұстаған. Есік алдында күзетшілер тұрғанын, ал ішіндегілер оған ешкім тиіспейтінін, тек массаж жасау керектігін айтып сендірген. Алайда, жағдай оның ойлағанынан мүлдем басқаша болып шыққан.

«Істі тоқтатпасаңдар, өлтіреміз»

Жәбірленушінің туыстары бұл ғимараттың әлі күнге дейін монша ретінде жұмыс істеп тұрғанына наразы. Олар құзырлы органдардың әлі күнге дейін нақты шара қолданбағанын айтып, өздеріне бірнеше рет қоқан-лоқы жасалғанын мәлімдеді. «Істі тоқтатпасаңдар, сендерді өлтіреміз» деп қорқытқандарына шағымданды.

Полиция тергеу жүргізіп жатыр

Шымкент қалалық полиция департаменті бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабы 1-бөлігі («Зорлау») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Қазіргі таңда сот-психологиялық-криминалистикалық сараптама тағайындалып, жәбірленушінің ұялы телефонына да зерттеу жүргізілуде. Сараптама қорытындылары алынғаннан кейін қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім қабылданады.

Жәбірленушінің отбасы тек күш көрсеткен адамды ғана емес, қызды алдап осы ортаға тартқан ұйымдастырушыларды да жауапқа тартуды талап етіп, істің тездетіліп сотқа жетуін сұрап отыр.

Новости

Реклама