Photo: Ayazhan (https://www.pexels.com/@ayazhan-3173683) / Pexels
- 21 мар. 2026 01:00
- 29
Сотта Жанабыловтардың қылмыс жоспары қалай құрылғаны баяндалды
Астана сотында блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша айыптау актісі оқылды. Сотта анықталғандай, аталған тұлғалар әлеуметтік желіде өздерінің бақуатты өмірін көрсетіп, көпшілікті сендіру арқылы ақша табуды көздеген.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәнсіз видеокурстар арқылы ақша табу жоспары
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, 2025 жылы блогерлер аса ірі көлемде қаржы табу мақсатында қылмыстық жоспар құрған. Олар 30 мың теңгеден сатылатын видеокурстарды ұсынғанымен, бұл курстардың білім беру немесе экономикалық құндылығы болмаған. Тіпті, бұл материалдар бұрын да басқа платформаларда жарияланған екен.
«Курстар азаматтарды рұқсат етілмеген ұтыс ойындарына тарту арқылы табыс табуға бағытталған. Олар лотереяны бүркемелейтін қызмет атқарды. Курс сатамыз деп, лотерея өткізу ережелерін әзірлеген. Лотерея мерзімі 4 айға, яғни 2025 жылдың 21 тамызынан 31 желтоқсанына дейінгі уақытқа белгіленген», – делінген айыптау актісінде.
Ережеге сәйкес, кепілдендірілген жүлделер ретінде 10 Hyundai автокөлігі, iPhone телефондары, сондай-ақ 5 мыңнан 2 миллион теңгеге дейінгі ақшалай сыйақылар қарастырылған. Жалпы жүлде қоры 200 миллион теңгеден асқан. Ал курстарды сатудан 487 миллион теңгеге жуық қаражат жинау жоспарланған.
200 млн теңгеден астам табыс
Прокурордың мәліметінше, акцияға 16 249 адам қатысып, олардың әрқайсысы 30 мың теңгеден төлеген. Осылайша, шығындарды есептемегеннің өзінде, сотталушылар 200 миллион теңгеден астам таза табыс табуды көздеген.
Айыптау актісінде Жанабыловтың әрекеттері тұтынушыларды әдейі алдауға бағытталғаны айтылады. Ол автокөлік ұтып алу мүмкіндігі туралы жалған ақпарат таратқан. Шын мәнінде, тараптар арасындағы келісім тек онлайн-курстарды сатумен шектелген. Жүлделерді ұтысқа шығару Instagram желісіндегі жеке парақшалар арқылы жүргізілген, ал ресми корпоративтік сайт немесе заңды тұлғаның аккаунты қолданылмаған.
Жанабылов пен Төлегенованың Instagram аккаунты жеке парақшалары болғандықтан, олар жеке кәсіпкер ретінде әрекет еткен.
«Тергеу барысында Жанабылов пен Төлегенова арасында акцияларды өткізу қызметін реттейтін шарттық-құқықтық қатынастардың болмағаны анықталды. Қылмыстық ниетті жүзеге асыру үшін олар жеке кәсіпкерлер арасында қызмет көрсету туралы формалды шарттар жасасқан. Жарнамалық науқандар да заңды тұлғаның аты-жөнін көрсетпей, Жанабыловтың жеке атынан жүргізілген. Бұл нақты ұйымдастырушыны жасыру ниетін білдіреді», – дейді прокурор.
Көлік ұту мүмкіндігінің төмендігі
Олжас Хайруллаевтың айтуынша, жарнама ролигінде барабан айналып, жүлде ұтысқа шығатыны көрсетілгенімен, шын мәнінде автокөлік ұту ықтималдығы видеода көрсетілгеннен әлдеқайда төмен болған. Тергеу кезінде ұтыс механизміне өзгерістер енгізілгені де анықталды: 5000 теңге ұту ықтималдығы басқа жүлделерге қарағанда жоғары болған.
«Айыпталушылардың барабан параметрлеріне техникалық өзгерістер енгізуге мүмкіндігі болғаны және мұндай әрекеттердің салдарына түсінгені ескеріліп, бұл шешімдер әдейі қабылданып, ұтыс нәтижелерін бұрмалауға бағытталған деп бағаланады», – дейді мемлекеттік айыптаушы.