Последнее обновление

(Время обновление 2 минуты назад)
Тараздық мектеп оқушысы әкесін сотқа берді

Тараз қаласындағы мектеп оқушысы анасы мен ағасы қайтыс болғаннан кейін, әкесін сотқа беріп, алимент өндіріп алды. Бұл жағдай әкесі бұған дейін балаларынан бас тартқанына қарамастан орын алды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Істің мән-жайы

2008 жылы қыздың әкесі нотариуалды түрде екі баласынан, соның ішінде осы қызынан да ата-ана құқығынан бас тартқан. 2018 жылы мектеп оқушысының анасы мен ағасы қайтыс болып, қыз әжесінің қолында тәрбиелене бастады. Барлық шығынын әжесі көтерді.

Әкесі қызына материалдық көмек көрсетпеген, тіпті оның телефон нөмірін бұғаттап тастаған. Қыздың айтуынша, әкесі көмек сұрағанда оны елемеген. Қазіргі таңда қыздың білім алуы мен тұруына байланысты барлық шығынды әжесі төлеп отыр, бірақ бұл қаражат тек ең қажетті нәрселерге ғана жетеді.

Сот процесі

Алимент өндіріп алу туралы сотқа жүгінген оқушы қыз қаржылық қиындықтарды алға тартты. Әкесі болса, өзге некедегі төрт баласы мен несие міндеттемелері бар екенін алға тартып, алиментті ішінара өндіруді сұрады. Алайда, сот оның жұмыс істей алатынын және бірнеше кәсіпорыннан табыс табатынын анықтады.

Сот шешімі шыққан күні әкесі кәсіпкерлік қызметін тоқтатқаны және осыған дейін төрт баланың әкесі екенін ресми түрде тіркегені байқалды. Сот мұны алимент мөлшерін жасанды түрде азайту әрекеті деп бағалады.

Соттың шешімі

Тараз қалалық соты әкеге қызы мектепті бітіргенше ай сайын 17 АЕК (66 844 теңге) көлемінде алимент төлеу туралы міндеттеді. Бұл шешімге шағымданылғанымен, Жамбыл облыстық соты оны өзгеріссіз қалдырды. Сот актілері заңды күшіне енді.

Новости

Реклама