tengrinews.kz
- 08 апр. 2026 07:31
- 29
Tesla Cybertruck: Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқару операцияларындағы рөлі
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі былтыр сатып алынған Tesla Cybertruck электромобилінің қанша рет құтқару операцияларына қатысқанын, оның қандай жағдайларда қолданылғанын және болашақта мұндай көліктерді көбейту жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Tesla Cybertruck неше рет қолданылды?
Министрліктің ресми сұрауға берген жауабына сәйкес, Tesla Cybertruck сатып алынғаннан бері үш рет таулы аймақтарда эвакуациялау жұмыстары кезінде қолданылған. Оның бірі түнде болған.
Сондай-ақ, бұл көлік төтенше жағдайлар кезінде қолжетпейтін аудандарда «жылжымалы командирлік-барлау пункті» ретінде пайдаланылады.
«Оның пайдаланылуы таулы ерекше қорғалатын аумақтар үшін белгіленген экологиялық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады», — деп атап өтті министрлік.
ТЖМ мәліметінше, көлікті таңдау кезінде жұмыс жағдайлары мен қоршаған ортаға әсерді азайту қажеттілігі ескеріліп, Tesla Cybertruck-ке басымдық берілген. Ведомство автомобильге қойылған техникалық талаптар таулы және климаттық жағдайларды ескере отырып қалыптастырылғанын нақтылады.
«Қойылатын талаптар функционалды сипатта болды және, атап айтқанда, жол талғамайтындығының жоғарылауын, автономиясын, сенімділігін, заманауи қауіпсіздік, байланыс және навигация құралдарының болуын, сондай-ақ авариялық-құтқару жабдықтарын орналастыруға арналған жүк бөлігін қамтыды», — делінген жауапта.
Автомобильдің жабдығы
ТЖМ хабарлауынша, Tesla Cybertruck байланыс және хабарлау құралдарымен, спутниктік интернетпен, қорғалған есептеу техникасымен, жылувизоры бар квадрокоптермен, құтқару жабдықтарымен және автономды қуат көздерімен жабдықталған.
Бұл жағдайды алдын ала барлау, шұғыл қызметтердің әрекеттерін үйлестіру, жабдықтарды жеткізу, төтенше жағдай орнында жылжымалы басқару пунктін орналастыру және алғашқы авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Автомобиль Алматы қаласының таулы аймақтарында және оған жақын аудандарда, туристер мен альпинистер жиі баратын жерлерде іздеу-құтқару және авариялық жұмыстарды жүргізу үшін қолданылады.
Tesla Cybertruck-тің кемшіліктері бар ма?
ТЖМ Tesla Cybertruck-ті төтенше жағдайлар кезінде пайдалануда ешқандай шектеулер мен кемшіліктер анықталмағанын мәлімдеді. Сонымен қатар, ведомство төтенше жағдайларға жауап беру үшін басқа да техникалар қолданылатынын атап өтті.
ТЖМ жаңа Tesla көліктерін сатып ала ма?
Бюджет есебінен осындай автомобильдерді сатып алу мәселесі әзірге ашық күйінде қалып отыр.
«Осындай көліктерді сатып алу туралы шешім пайдалануды кешенді талдау және тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша қабылданады», — деп атап өтті ведомство.
Техникалық қызмет көрсету шығындары
ТЖМ ақпараты бойынша, Tesla Cybertruck автомобиліне техникалық қызмет көрсету жеткізушінің шарттық міндеттемелері аясында оның қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Электромобиль оның орналасқан жерінде орнатылған базалық зарядтау станциясынан зарядталады.